14 ақпан күні кешкі уақыттан бастап Ақтөбе-Атырау-Астрахан республикалық маңызы бар автожол ауа райының қолайсыздығына байланысты уақытша жабылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Желілердегі әуесқой бейнетүсірілімдер күрежолдың беті қатты тайғақ екенін көрсетеді. Осыған орай мамандар жүргізушілерге алыс сапарларға шықпау және сақтық шараларын қатаң сақтау ескертілді.
Нақтыласақ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ дерегіне сәйкес Атырау облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты (минус температурада жаңбыр жаууы) республикалық маңызы бар KAZ-09 (A27) «Ақтөбе–Қандыағаш–Доссор–Атырау–РФ шекарасы (Құрманғазы ауылы) автожолының Атырау қаласынан Құрманғазы ауылына дейінгі (621–841 шақырым) аралығы барлық көлік түрлері үшін жабылды.
Мамандардың айтуынша, жауын-шашынның минус температурамен қабаттасуы жолда көктайғақтың пайда болуына әкелген. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда жол бетінің айнадай жылтырап жатқаны анық көрінеді.
Айта кетейік, жол қозғалысын қалпына келтіру мәселесі ауа райының жақсаруына байланысты шешіледі. Жол қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.