Қазіргі Президент кеңесшісі Атырау университетінде білім алған

Жуырда ғана Мемлекет басшысының өкімімен Президент кеңесшісі болып тағайындалған Ернар Баспаев – Атырау қаласында дүниеге келген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
1979 жылы сол кездегі Гурьев қаласында туған Ернар Жеңісұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Алматы Қазақ мемлекеттік заң академиясынан түлеп ұшқан. Мамандығы бойынша заңгер, экономика және бизнес бакалавры, іскерлік әкімшілендіру магистрі.
Еңбек жолын 2001 жылы Әділет министрлігінің Авторлық құқықтар жөніндегі комитетінің жетекші маманы болып бастаған. 2002 жылдан 2006 жылға дейін Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің халықты тіркеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру басқармасының бас маманы, бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. Әділет министрлігі жанындағы Зияткерлік меншік құқығы комитетінде еңбек еткен. 2006-2010 жылдары Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің басқарма басшысы болды. Жоғарғы Сот аппаратының сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді.
2010 жылы Атырау облысы бойынша Әділет департаментінің басшысы болып тағайындалды. 2013-2019 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы және Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Ал, былтыр Президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ