Атырау облысы аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдардағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 5-29 ақпан аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Ақтөбе-Астрахань тас жолының Х.Ерғалиев ауылы тұсынан маркасы Ваз 2115 автокөлігін тоқтатып, тексеру кезінде көлік жүргізушісінен алкоголь иісін байқаған. Медициналық сараптама нәтижесімен 1986 ж.т. автокөлік жүргізушісі орта дәрежеде мас екені анықталды.
Сонымен қатар, 9 ақпан күні Доссор-Ақтау тас жолының 160 шақырым тұсында маркасы Ford автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында жүргізушіден алкогольдің иісі байқалған. Медициналық сараптама нәтижесімен 1985 ж.т. автокөлік жүргізушісі жеңіл дәрежеде мас екені анықталып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша іс-құжаттар жинақталып, әкімшілік қамауға алынды.
Осы ретте, атыраулық полицейлер көлік құралын мас күйінде басқару ауыр зардаптарға әкеп соғатын жол көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкіндігін ескере отырып, аталған құқық бұзушылықтарды жасамау жөнінде қатаң түрде ескертеді.
Фото:freepik.com