Бұл туралы Махамбет аудандық соты мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Татуластырушы-судья тараптарды бітімге келтірді. Атырау облысының Махамбет аудандық сотында берешекті өндіріп алу туралы талап қою медиация тәртібімен реттелді. Талап қоюшы Қ.А. өзінің жеке меншік түйе малын сойған кезде жауапкер М.С.-ға қарызға ет беріп, еттің ақшасын 2023 жылдың қаңтар айының аяғына дейін беретін болып өзара келіскен. Кейін жауапкер өз қолымен 2023 жылдың 28 наурызына дейін қарызын қайтаратыны туралы қолхат берген. Алайда, жауапкер өз міндеттемесін орындамай, қарыз сомасын қайтармаған, сол себепті Қ.А. сотқа талап қоюмен жүгінуге мәжбүр болған. Дау бойынша татуластырушы-судьямен өткізілген татуластыру рәсімдерінің арқасында тараптар медиациялық келісімге келді және келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінді.
Медиациялық келісімге сәйкес, жауапкер М.С. талап қоюшы Қ.А.-ға қарызға алған еттің ақшасын 2023 жылдың 16 қыркүйегіне дейін бөліп төлеуге міндеттенді, ал талап қоюшы талап қоюдан бас тартты. Сот ұйғарымымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы ұйғарым бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж қайтарылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ