Қаланы қардан тазалау бойынша штаб отырысы өтті

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Талапұлы мен қала әкімі Шәкір Кейкінұлы қала және қалаға қарасты ауылдық округ көшелерін қардан тазалау бойынша штаб отырысын өткізді. Штаб отырысына облыстық басқарма басшылары,ТЖД, жергілікті полиция және ірі мұнай, құрылыс, жанар-жағармай станцияларының басшылары қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Талапұлы жағдайды қатаң бақылауда ұстауды, тиісті мекемелерге қызметіне жауапкершілікпен қарап, қаланы қардан тазалау жұмыстарын жетелдетуді тапсырды.

- Казгидрометтің мәліметі бойынша 10-11 ақпан аралығында, толассыз қар жауады деген болжам бар. Былтырғы қыс бәрімізге сабақ болары анық. Сол себепті барлық жағдайға дайын болуымыз керек, - деді Қ.Нұртаев.

Қала әкімі Шәкір Кейкінұлы қаланың жауапты бөлімдері басшылары мен «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС басшыларына уақытпен санаспай, демалыс күндеріде тазалық жұмыстарын қадағалап, тоқтатпауды тапсырды.

Қардан тазарту жұмысын жүйелі атқару үшін қала және қалаға қарасты округтер 14 аумаққа бөлінді. Тазалау жұмыстарына өңірлік ірі мекемелердің қолдауымен барлығы 110 жүк аударғыш (самосвал), 36 жүк тиегіш (погрузчик) арнайы техникаларын жұмылдыру жоспарлануда. Қала әкімі жұмыс барысын қадағалауды, қала әкімінің орынбасары Ерболат Болатжанұлына жүктеді.

Қазіргі таңда көшелер, көпірлер, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолы қардан тазаланып, реагент себу жұмыстары жалғасуда.

Құрметті қала тұрғындары! Қар тазалау жұмыстары жүргізілмей қалған көшелер болса әлеуметтік желі арқылы немесе 109 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласу арқылы өтінім берулеріңізге болады.