Үйін су басқан атыраулық ана баспаналы болды

Жаңаталап ауылдық округінде баспанасын жаңбыр суы шайып кеткен көпбалалы ана Гүлмира Ережеповаға жергілікті еріктілер жаңа үй алып берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ақмарал Касимова бастаған құрманғазылық волонтерлер «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы биылға осымен сегізінші тұрғынға баспана алып берді. Алдағы 15 қазанда аталған қордың ашылғанына 6 жыл толады екен. Соған дейін қор өкілдері үйлі болған 997 жанның қатарын мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

 «Мен алты жылдан бері қайырымдылықпен айналысып келемін. Осы уақыт ішінде мен 58 мұқтаж жанның үй алуына себепкер болдым. «Харекет» қорын алматылық Гүлмира Мұханқызы құрса, Атыраудағы жұмысын Жанарыс Сырымұлы жүргізіп келеді. Биыл біз баспанаға мұқтаж Атырау қаласы, Балықшы ықшамауданы, Құрманғазы, Аққыстау, Есбол, Өрлік және Миялы ауылдарының тұрғындарына баспана алып бердік. Үй алуға кезекте әлі 10 адам бар» дейді Ақмарал Ерсайынқызы.

Бір қызығы, еріктілерге ешкім жалақы төлемейді. Олар жақсылықты өз қалауымен жасайтындарын айтады. Мәселен, Ақмарал теміржол секілді жауапты салада еңбек етсе де, қайырымдылықпен айналысуға уақыт тауып жүр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ