Үйдегі жыландар атыраулықтарды шошытты... (+ВИДЕО)
Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғындары үй ішінде қаптаған жыланмен арпалысып әлек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық» деген жұрт әкімдіктен жаңа баспана беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv мәлім етті. Өткен ғасырдың 70-жылдары қазығы қағылған үйлер қазір адам шошырлық жағдайда тұр. Құлауға шақ қалған ғимараттың тұрғындары бір күнде екі жылан ұстаймыз деп зар қағады. Ең сорақысы да – сол. Жаз басталса, жәндік қуудан көз ашпайтын азаматтардың айтуынша, баспана ішінде тышқан теспеген зат қалмаған.
– Үйден талай зиянкесті, уақ жыланды көрдік. Басына сүт құйып, өзім жойып отырдық. Неше әкім ауысты. Біздің жағдайымызды тексерген ешкімді көрген жоқпыз. Үйде әжетхана, су жоқ. Шомылатын жер жоқ. Тышқан, жылан шығып жатыр. Мәселені айтып, облысқа дейін бардық, бармаған жеріміз жоқ, – дейді тұрғындар.
Жоқ деген дүние көп. Бұл үйдің тұрғындары үшін кәріз жүйесі, газ, су арманға айналған. Қараша жақын маңдағы көлден шелектеп су тасуға мәжбүр. Ал жаңбыр жауған күні кіреберістегі электр желілері суға малынып тұратын көрінеді. «Қай күні тоқ соғып, жан берер екенбіз?» деп алаң қылған жұрт барар басқа жердің де болмай тұрғанын айтты.
Қазір Атырау облысында 107 көппәтерлі үйдің тозығы жеткен. Іргетасы сөгіліп, қабырғасы жарылып жатқан мұндай апатты үйдің саны ай санап өсіп жатыр. Ал ауданның өзінде мыңнан аса тұрғын кілтін күтіп, кезекте тұр десек, әне-міне баспанасы құлағалы тұрған азаматтарға әкімдік әзірге үй бермейтін сыңайлы.
– Облыс әкімдігіне бірнеше рет ұсыныс берілді. Тұрғындарды көшіру үшін биыл 640 миллион теңге бөлінді. Үй салынса, осы кісілерді көшіреміз деп жоспарлап отырмыз, – деді Құрманғазы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Шынболат Мусин.
Десе де, әкімдік өкілінің сөзіне азаматтар күмәнмен қарайды.
Фото: әлеуметтік желі