Жастайынан спортты жанына серік еткен Еркебұлан Қуанғалиевтің жетістіктері туралы Исатай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Е.Қуанғалиев 1998 жылы Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Жеті жасынан бастап спорттың күрес түрімен айналыса бастаған ол, 6 сынып оқып жүріп Қызылорда қаласында өткен республикалық турнирде дзюдодан ІІІ орын алып, спорттағы алғашқы жетістігіне қол жеткізді. Тынымсыз еңбегінің арқасында самбо, дзюдо, қазақша күрестен облыстық жарыстардан топ жара бастады.
- Еркебұланның бойындағы талант жастайынан байқалды. Ол жаттығуда берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, өзі қатарлас спортшылардан әрдайым ептілігімен, еңбекқорлығымен ерекшеленді. Еркебұлан қазіргі уақытта ел чемпионатына дайындық үстінде. Күні кеше Алматы қаласында оқу жаттығу жиынына қатысып келді, деді бапкер Асхат Жұмабеков.
Ол спорттағы табандылығының арқасында самбо күресінен ҚР біріншілігінің 4 дүркін жеңімпазы, 2018 жылы Астанада өткен Әлем кубогінің күміс жүлдегері, 2019 жылы Дели қаласында ересектер арасында өткен Азия чемпионатында чемпион атанды. Сондай-ақ 2020 жылы Минск қаласында өткен Әлем кубогінің жеңімпазы, Нови-Сад қаласында өткен Әлем чемпионатында күміс медаль иегері атанды. Ал өткен жылы Татарстанда өткен Европа кубогінде күміс медаль алса, биыл Ақтау қаласында өткен Азия кубогінде қола жүлдегер атанды.
Еркебұлан Қуанғалиев ересектер арасында Исатай ауданыннан әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінген тұңғыш спортшы. Осы тұрғыда Исатай ауданы әкімінің қолдауымен биыл өз ауылынан қызметтік пәтерге ие болды.
Айта кетейік, Е.Қуанғалиев қазіргі уақытта Исатай ауданындағы білім бөліміне қарасты «Барыс» балалар - жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубында нұсқаушы болып қызмет етуде. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері.