Исатай-Махамбет алаңы базарға айналып барады...

Атыраудың орталық Исатай-Махамбет алаңы әбден «базарға» айналды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бірақ, қала әкімшілігі бизнеске бұғат салып, тұрғындарды табысынан айыра алмайды. Десек те, бұл жерге демаламын деп келген тұрғындардың бірі Ирина Дурманова өзін электросамокат теуіп келе жатқан жасөспірімнің қағып кеткенін айтады.  

«Кешқұрым мұнда адам қарасы көп болады. Көбісі серуендеп, субұрқақты тамашалағысы келеді ғой. Алайда, тап осы жерде баланы былай қойғанда, елудегі мендей ересек адамды самокат қағады деп кім ойлаған?! Ақыры сол аяғым қатты жарақат алды. Ал, жақында желіде алаң бойында тұрған көлікке электрокөліктің келіп соқтығысқан видеосы тарап, көпшіліктің наразылығын тудырды. Бұл масқараны кім тоқтатады?» деп ашынады тұрғын.

Расымен де, кешкі уақытта мұнда серуендеу өте қауіпті. Аналары сәбилерін қолдарынан түсірмейді. Себебі, велосипед қағып кете ме деп қорқады.

«Балмұздақ пен попкорн сатушыларға рұқсат берілсе де, тұрғындарға қауіп төндіретін техникаларға тыйым салу қажет-ақ. Табыс тапқан жақсы-ау, бірақ бір сәт халықтың да жағдайын ойлап қойған дұрыс қой. Екіншіден, алаңдағы ойыншық көліктердің де, балмұздақтың да бағасы да аспандап тұр. Бұны кім бақылайды?» дейді тағы бір тұрғын Сәуле Мағауқызы.

Шынымен де, электромобильде сырғанаудың 10 минуты 1000 теңге тұрады екен. Тіпті, батутта 10 минут секірудің өзі бір балаға 500 теңге!

Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлмінің басшысы Руслан Дәулетовтен білгеніміздей, бағаны бұл жерде ешкім бақыламайтын болып шықты. Заңнамаға сәйкес, кәсіпкер бағаны өзі қояды. Әкімдік тарапынан кәсіпкерлермен түсініктеме жұмыстары жүргізілетінін білдік. Бірақ, бизнес өкілдері басқа жерге барғысы жоқ. Өйтпегенде ше? Бұл жерде адам көп жиналады ғой! Демек, тұтынушы да көбірек деген сөз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Аружан АЖИМКУЛОВА