Исатай ауданында үш ауыл көшелері жарықтандырылуда

Аудандағы Х.Ерғалиев, Тұщықұдық және Нарын ауылдарына электр бағаналары мен көше шамдары қойылып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Исатай ауданы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша, Х.Ерғалиев ауылында барлығы  976 бағана толығымен қондырылып, 33 шақырымға жуық СИП кабель тарту жұмыстары аяқталды. Енді 833 жарық шамы орнатылады. Бұл жұмыстар қараша айының соңында аяқталуы тиіс. Сол кезде ауыл көшелері 97% жарықтандырылады.

Тұщықұдық ауылының барлық көшелеріне жарық тартылуда. Жалпы 1000-ға жуық бағана орнатылуы тиіс болса, соның 500 шақтысы қойылған. Қалғаны жыл соңына дейін аяқталады.

«Жоба аясында 24 км СИП кабелдері тартылып, 964 дана бағана, 803 дана көше жарық шамы мен 14 дана басқару жәшігі орнатылады», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Ал Нарын ауылына 460 бағана және 1 трансформатор қойылып, 17 км жуық СИП кабель тартылды. Сонымен қатар, 370 жарық шамы орнатылды. Бұл жұмыстар қазан айының соңында аяқталып,  ауыл көшелері 90% жарықпен қамтылды.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА