Ірі қараны қараусыз қалдырған тұрғынға айыппұл салынды (+ВИДЕО)
Атырауда ірі қара малды қараусыз жіберген тұрғындар жауапқа тартылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласы аумағында мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу, мал ұрлығы қылмыстарымен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында 7-10 желтоқсан аралығында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара барысында атыраулық полицейлер үй жануарларын иесіз жаю жағдайларына жол бермеу бойынша халықпен үнемі алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
Мысалы, 7 желтоқсан күні сағат 13:30 шамасында Жаңаталап ауылында ірі қал малды қараусыз жіберген 1974 жылы туған тұрғын анықталды. Сонымен қатар, сағат 14:30 шамасында Қызыл Балық ауылында ірі қара малды иесіз жібергені үшін 1958 жылы туған тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 1-бөлімі «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік xаттама жасақталып, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Осы ретте, атыраулық полицейлер мал иелеріне төрт-түлік малды қараусыз қалдырмауды, әсіресе автомобиль жолдарына жақын аумақтарда оларды малшылардың бағуын ұйымдастыру мәселесіне көңіл бөлуді сұрайды.
Қараусыз жайылып жүрген мал ірі жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екендігін ескертеді.
Айта кетейік, бұған дейін Бесікті ауылы бекетінің тұсында мал ұрлығын алдын-алу бойынша профилактикалық тексеру шаралары жүргізілген болатын. Жедел профилактикалық іс-шараның бір күнінде Атырау қаласы аумағында орналасқан 10 қыстақ тексеріліп, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдаған 10 автокөлік тексерілді. Оның ішінде бір автокөлік иесіне ет өнімдерін тиісті құжаттарсыз тасмалдағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау қалалық аумақтық инспекциясына жолданды. Сондай-ақ, Атырау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін бес тұлға анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ