Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылынан шыққан 23 жастағы Айбар Аманжолов «Еңбек жолы» республикалық беделді байқауының облыстық кезеңінде «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясында жеңімпаз атанды. Ол «Жылыойгаз» ЖШС-інде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау инженері болып екі жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
2016 жылдан бастап еліміздің түкпір-түкпірінен еңбегімен ерекшеленген жұмысшы мамандарды біріктіретін бұл байқау тек марапат үшін емес – еңбектің құндылығын мойындау және еңбектегі ең озық дәстүрлерді сақтау мақсатын көздейді.
2019 жылы Айбар Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне грантқа түсіп, оңай емес, бірақ аса маңызды мамандық – «Өндірістегі тіршілік қауіпсіздігі» бағытын таңдады. Бүгінде ол «Техника және технология» мамандығы бойынша магистр.

Оқуды тәмамдаған соң, «Жылыойгаз» ЖШС-де жастар практикасы арқылы еңбек жолын бастады. Ондағы еңбекқорлығы мен ұқыптылығын тез байқаған әріптестері аз уақыт ішінде оны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау инженері қызметіне көтерді.
Айбардың жұмысы – өндірістегі ең жауапты міндеттердің бірі – еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Менің жұмысым табиғи газды тасымалдаумен байланысты. Кез келген жұмыс техника қауіпсіздігін тексеруден басталады. Біз жабдықты қарап, жұмыс орындарының жағдайын бағалаймыз, себебі апаттың алдын алу оны жоюдан әлдеқайда жеңіл. Басты қағидат – профилактика, – дейді Айбар.
Оның міндетіне төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын ұйымдастыру, жеке қорғаныс құралдарының бар-жоғы мен жарамдылығын қадағалау кіреді. Сонымен қатар, ол қызметкерлерді оқытуды ұйымдастырып, әр бес жыл сайын жұмыс орындарында аттестация өткізеді.

Айбар ұжымын екінші отбасындай көреді, ал ұстаздарына – кәсіби және жеке дамуына қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.
– Ұжымым – менің екінші үйім. Маған жолым болды. Аз ғана еңбек өтілім ішінде мұны анық сезіндім. Себебі, алғашқы күннен бастап, осы компанияда мені бағыттап, қолдап жүрген тәлімгерлермен жолықтым. Бізді ортақ көзқарас, мүдде және мақсат біріктіреді. Үлкендерімді де, қатарластарымды да маман ретінде бағалаймын, адам ретінде қатты құрметтеймін, – дейді ол.

Алайда, Айбардың өмірі тек жұмыспен шектелмейді. Ол – түрлі шаралардың жанды жүрегі, мерекелік кештердің жүргізушісі, белсенді, спорттық жарыстардың қатысушысы. Әр аптада «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктерге қатысып, Отанды сүю айналадағы тазалықтан басталатынын ісімен көрсетеді.

Айбардың ерекше қызығушылығы – жылқылар. Ол бала кезінен аттың үстінде, әрі сенімді: атқа міну – рухты шыңдайды, сабырлылық пен ата-баба дәстүріне құрметті тәрбиелейді.

– Алты жасымнан жылқыны жақсы көремін. Туысқандарым жылқы ұстады, біз ағаларыммен бала кезімізден солардың қасында көп уақыт өткізетінбіз. Алты жасымда алғаш рет атқа отырып, сол бір ерекше сиқырды сезіндім. Жылқыларға қалай күтім жасау керегін көріп өстім, уақыт өте бұл мен үшін үйреншікті іске айналды.
Бүгінде атқа міну – менің сүйікті хоббиім. Бос уақытымда әкем және бауырларыммен далаға шабуға шығамыз. Шабыс үстінде ерекше сезім туады – тіпті қанат біткендей күй кешесің, – дейді Айбар.
Төрт ұл тәрбиелеген берекелі отбасында өскен Айбар еңбекқорлық пен табандылық кез келген есікті ашатынына сенген. Оның өмірлік ұстанымы да қарапайым: «Үйрену және үйрету, бақытты және қауіпсіз өмір сүру».
– Мемлекет басшысы айтқандай, «Жастар – ел дамуының қозғаушы күші, оның бүгіні мен ертеңі», сондықтан мен өз жұмысымды жақсы атқаруға тырысамын – әр қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әр маманның өндірісте жарақатсыз жұмыс істеп, аман-есен үйіне оралуына бар күшімді саламын, – дейді Айбар.
Жанат Шаяхметова