11 Қараша, 2022 2183

Индерлік зауыт елімізді гипсокартонмен қамтып отыр (+ФОТО)

 Индерлік зауыт елімізді гипсокартонмен қамтып отыр (+ФОТО)

«ИСИГИПСИНДЕР» ЖШС ылғалға төзімді гипсокартонның төрт түрін шығарады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қуаты – жылына 5 млн 800 шаршы метр гипсокартон. Серіктестік Дендер тауындағы бұрынғы Индер борат кенішінен қалған карьерді 25 жылға келісім-шартпен жалға алған екен.

«ИСИГипсИндер» ЖШС бас директоры Жолдасқали Үмбетияровтың сөзінше, шикізат күйіндегі гипс тастары алдымен ұсақталып, кейін арнайы қоспалар араластырылады. Ең соңында 600 градусқа дейінгі ыстықта уатылып, гипсокартон қалыптарына құйылады. Ендігі мәселе – өндіріс уқатын одан әрі арттыру болып отыр.

«Өнім шығару емес, оны тасымалдау қиын болып тұр. Индер-Мақат теміржолы апатты жағдайда тұр. Ол күрделі жөндеуді талап етеді. Жайық та таязданып қалды. Демек, ең арзан саналатын су жолы да жабық деген сөз. Осының бәрі тауарды уақытылы жеткізуге кедергі келтіріп отыр» дейді кәсіпорын басшысы.

Сондай-ақ, серіктестік жаңа құрғақ құрылыс қоспаларын жасап шығару үшін Германия мен Ресейден қажетті материалдарды да алған. Осылайша, қазір жаңадан фуген сылағын шығарып отыр. Бұл – гипсокартонның бетіне жағылатын өнім. Алдағы жоспар – жылына соның 7 тоннасын шығару.