Аудан әкімі Дарын Шамұратов Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, Алматы қаласы әкімінің эстрадалы симфониялық оркестрінің әншісі, жерлесіміз Жұбан Ерназар Мэлсұлын қабылдап, «Аудан мақтанышы-2023» номинациясын табыстады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ерназар Мэлсұлы өткен жылы музыка саласындағы еліміздің байрақты бәсекелерінің бірі «Жас қанат - 2023» ән байқауында Гран-при иегері атанып,аудан мерейін Республика көлемінде асқақтатқан болатын. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
- Алдымен ауданымыздың мақтанышы деп құрметтеп, арнайы номинация үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл туған жерімнің маған берген үлкен сыйы деп қабылдаймын. Қасиетті өңірде туып, ауданымыз атын шығаруға атсалысып жатқанымды мақтан етемін. Өнер жолына түскеннен кейін көп уақыт бола бермейтіні белгілі. Сол себепті туған жеріме үш жылдан бері келіп отырмын. Қазіргі уақытта ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, продюссерім Байғали Серкебаевпен бірге жаңа әндерімді жарыққа шығару жоспарымда бар. Жерлестерімді алдағы уақытта бұданда жоғары жетістіктермен қуантқым келеді,-дейді Жұбан Ерназар.
Айта кетейік, Ерназар Мэлсұлы – Аққала ауылының тумасы. 2020 жылы Болгария елінің Добрич қаласында өткен халықаралық «Сарадев» вокалдық байқауында және 2021 жылы Румынияның Браила қаласында өткен халықаралық поп-музыка фестиваліне қатысып, I орынды жеңіп алған еді. 2021 жылы «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып ¼ финалист атанса, өткен жылы «Жас қанат - 2023» ән байқауының Гран-при иегері атанды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ