Индерде 800-ге жуық жер теліміне инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде
Бұл туралы Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов «Индер ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы» туралы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі. Жалпы ауданда 6159 адам жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімінің кезегінде тұр. Осы кезекті қамту мақсатында Индербор кентінің Аққала ауылы бағытында 202 гектар жер телімі дайындалып жатыр. Осыған орай биыл су жүйесінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Ал газ желісінің құрылысы 2023 жылы аяқталмақ.
- Ауылдық округтер бойынша Көктоғай ауылына 70, Есболға 270, Елтайға 80, Аққалаға 50, Бөденеге 167, Жарсуатқа 73, Өрлікке 72 жер теліміне өткен жылы жалпы құны 580 млн 167 мың теңгеге су және газ желілері жүргізілген болса, биыл жалпы құны 940 млн 385 мың теңгеге ток желісі жүргізіліп жатыр. Барлығы 800-ге жуық жер теліміне инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындарына жерлерін беруді бастаймыз,- деді Д.Шамұратов.
Айта кетейік, биыл ауданындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы 28 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Фото: aikyn.kz