Жайық тайыздаған соң бекіре де бой көрсетпеген, деп хабарлайды AtyrauPress.
Индер аудандық балық инспекциясының бас маманы Серік Дәуленовтің айтуынша, Жайық өзені тасымай, 2010 жылдан бастап судың денгейі төмендеп кеткен болатын. Соған байланысты 2011- 2014 жылдардың аралығында өзенге кіретін бекіре тұқымдас балықтардың келуі бәсеңсіп кетіпті. Судың аздығынан балықтардың саны мен олардың түрлерінің азаюы жиілеген.
"Биыл су көлемінің мол келуіне байланысты, көктемгі уақытта балық көбейіп, оның түрі оннан асты. Бұл ел ырысы үшін қуанышты жағдай. Қазіргі тамыз, қыркүйек айларында судың деңгейі аздап төмендеді. Дегенмен көктем уақытында Жайыққа кірген балықтар жергілікті жерге сіңісіп, өзенде қалды. Бұл дегеніміз - алдағы уақытта балық санының артатынын білдіреді. Бұрын 2014-2015 жылдары соңғы рет бекіре тұқымдас балықтар салынған құрма ауларға түсіп қалған кездері болып, біз оларды шығарып кері суға жіберіп жүрдік. Сол сияқты мына бекіре көптен бері көрініп тұрғаны. Жақында кезекті рейд кезінде Индер ауданының жоғарғы оң жағында Аққала ауылына жақын тұста заңсыз құрылған құрма ауларды сүзу барысында осы бекіре тұқымдас балықтың жас шабағы түсіп қалғанын көріп, оны құтқарып айдынына жібердік" дейді ол.