Индерде алғаш рет аудан әкімі кубогы үшін дзюдодан Батыс аймақтық ашық турнир өтуде

Бұл туралы AtyrauPress Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Іс-шара Индер аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен Индер балалар және жасөспірімдер спорт мектебі дзюдо күресін насихаттап, жасөспірімдердің спорт шеберліктерін шыңдау, бір-бірімен қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырып отыр.

Аймақтық спорт сайысында Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзин сөз сөйлеп, жас спортшыларға алғыс білдірді.

- Ең алдымен таулары - тарих, даласы - дастан, өткені - өнеге, келешегі - нұрлы Дендер жеріне қош келдіңіздер дегім келіп отыр. Спорт - қоғамдағы  мәдениеттің  бір бөлігі, орны бөлек ерекше сала. Ел мерейін асырып, шаршы топтан сурылып шығу - төккен тер мен еткен еңбектің нәтижесі. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалынып, салауатты өмір салтын қалыптастыруы үшін осы іс-шараны алғаш рет өткізіп отырмыз. Бүгін осы Батыс аймақтық турнирге спортта алдыңғы қатарда көрініп жүрген жастарымыз қатысуда. Арнайы келіп, белсенділік танытып отырған жас өрендерге алғысымды білдіремін. Сайысқа қатысушы спортшыларымызға сәттілік тілеймін және жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге тілектеспін, - деді А.Мурзин.

Турнир 26-60 кг аралығындағы салмақ дәрежесінде Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша өткізілуде. Сайысқа Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарынан барлығы 14 команда қатысып, 245 спортшы бақ сынауда.