Индерде 8 медицина маманына тұрғын үй сатып алу үшін 37 миллион теңгеге жуық қаражат қаралды

Бұл туралы Индер ауданының әкімі Салауат Өтеғұлов «2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында Индер ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Елді-мекендерді қажетті дәрігерлермен қамту мәселесі күн тәртібінде тұрған өзекті проблемалардың бірі. Жыл басынан бері ауданға 1 хирург, 1 педиатр дәрігер келген. Аудан әкімінің айтуынша, Индерде әлі 9 маманға қажеттілік бар.
-Биыл дәрігерлерге деген тапшылықты толық жою үшін қажетті шаралар алынуда. Осы тұрғыда биыл ауданға келген дәрігерлерге қолдау шаралары жалғасады. Дәлірек айтсақ, 8 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 36 млн 756 мың теңге, бір жолғы әлеуметтік қолдау шараларына 16 маман үшін 4 млн. 930 мың теңге бөлініп отыр, деді С.Өтеғұлов.
Сонымен қатар, ол денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда салынатын және жөндеуден өтетін ғимараттар туралы да айтып өтті. С.Өтеғұловтың айтуынша, аудандық ауруханаға қарасты инфекциялық бөлімше ғимаратына жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуірінде басталды. Алдағы шілде айында жөндеу жұмыстарын аяқтау күтілуде. Одан бөлек, орталық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сондай-ақ, Есбол ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулатория ғимаратының ескіруіне байланысты жаңа ғимарат салу жоспарланып отыр. Күні бүгін жер телімі қарастырылуда.