Индерборда салынған жаңа көпқабатты үйлер тұруға жарамсыз болып барады

Атырау облысының Индербор кенті «Көктем» шағынауданында сапасыз салынған 11-ші учаскедегі  48 пәтерлік 4 жаңа көпқабатты үйдің бүгінгі жадайы жыларман халде, деп хабарлайды AtyrauPress. 

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарлама аясында салынған бұл баспана 192 отбасына тамыз айында берілген еді. Оның ішінде 106-сы  көп балалы, 69-ы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы және  ата-ана қамқорлығынсыз қалған 17 балаға табысталды.

Пайдалануға берілген сәттен бастап көгілдір отын берілмеген. Ал ең сорақысы – құрылыстың сапасыз жүргізілгені халықты ашындырып отыр. 

«Жел тұрса подъезге кіре берістегі шатырдың темірі тарсылдап, күндіз-түні маза бермейді. Жел қатты тұрса, ұшып кетейін деп тұр. Пәтерлердің ішіне терезе тұсынан су кетіп, еденге жайылып жатыр. Енді не істейміз?», - дейді шарасыз тұрғындар. 

Көпқабатты үйдің шатыры қаңылтырдан жабылғандықтан, қатты тұрған желге шыдас бермей, жалбырап тұр. Соның салдарынан кейбір пәтерлердің төбесінен су өтіп жатыр. Тұрғын үйдің ауласы да көңіл көншітпейді. Суға толып, көлкіп тұр. 

Индер аудандық әкімдігі берген ақпарат бойынша, Индербор кенті «Көктем» шағынауданы 11 учаскедегі 4 тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылдың 30 қарашасында аяқталып, қабылданды. Келісім шарт құны - 1 млрд 900 млн  516 мың теңге. 

Тұрғын үйдің құрылысы аяқталғанымен, ауласына абаттандыру құрылысын жүргізу бөлек жоба ретінде жүргізілгендіктен, тұрғын үй биыл 25 тамызында пайдалануға берілді. Баспана құрылысы 2018 жылы Индер аудандық құрылыс бөлімінің мемлекеттік тапсырысымен басталған.  Мердігер мекеме «Еврострой-А» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Сапа Сыры» ЖШС, авторлық қадағалаушы «DeluxeDesign» ЖШС.

 «Абаттандыру жұмыстары 2021 жылдың мамыр айында басталды. 2023 жылдың тамыз айында абаттандыру жұмыстарының асфальт төсемі мен суағар лотоктары орнатылды. Алайда жұмыстары толық аяқталған жоқ. Абаттандыруға жауапты мердігер мекеме «Агроспецмонтаж» ӨК. Мердігер мекеме келісімшарт міндеттемелерін уақтылы орындамауына байланысты Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мердігер жосықсыз қатысушы деп танылды. Қазір 48 пәтерлік төрт тұрғын үйдің ақаулықтар тізімі жасақталып, мердігер мекеменің кепілдік мерзіміне (кепілдік мерзімі 30.11.2024 жылға дейін) сәйкес 18.09.2023 жылы қалпына келтіру бойынша хат жолданды. Қазіргі таңда тұрғын үйді қалыпқа келтіру бойынша «Еврострой-А» ЖШС-ін сотқа беру үшін талап арыз дайындалуда», - деп жауап берді Индер аудандық әкімдігіндегілер.  

Ал көгілдір отын 30 қазанда ғана беріліпті. Өйткені тұрғындар «ҚазТрансГаз» АҚ Индер ауданы бөлімшесімен келісім шартты кеш жасаған. 

Видео осында

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА