Индер ауданы, Елтай ауылындағы «Жас өркен» жазғы лагерінде алты кезең бойы облыс көлеміндегі 1008 баланың жазғы демалыспен қамтылуы жоспарланған.Лагерь «Қазақстан геологі» емдеу пансионаты КҚМК-ның теңгерімінде жұмыс істейді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Алғашқы маусымда Атырау қаласынан 168 оқушы тынықты. Жалпы бір кезеңнің ұзақтығы – 10 күн.
- Биыл ақпанда Индер ауданында орналасқан лагерь “Қазақстан геологі” коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне берілді. Лагерь аумағында 5 ғимарат бар: оның төртеуі – жатын корпустар, біреуі – асхана. Мамыр айында оларға жөндеу жұмыстары жүргізілді,- деді “Қазақстан геологі” емдеу пансионаты КҚМК директорының м.а. Шолпан Есқалиева.



Лагерьде әртүрлі мәдени шара мен спорттық сайыстар өткізіледі. Демалушыларға 6 мезгіл құнарлы тамақ беріледі. Сонымен қатар балалар концерттік бағдарламаларға қатысып, кинофильмдер тамашалайды. Аумақтың медицина мамандары тәулік бойы қызмет көрсетіп, балалардың денсаулығын бақылауда ұстайды.
- Осында келген сәттен бастап жетекшілеріміз жылы қарсы алды. Ағай-апайлармен танысып, жақсы тіл табыстық. Таңғы 7-де тұрып, түсте демаламыз. Кешке көңілді кештер мен ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Лагерьдегі уақыт өте қызықты өтуде,-деді оқушы Інжу Тұрақбай.

Қазіргі уақытта екінші кезең басталған. 24 маусым мен 3 шілде аралығында лагерьде Атырау қаласы, Индер және Исатай аудандарынан тағы 168 оқушы демалады. Жазғы маусым 21 тамызға дейін жалғаспақ.