Мұнда түрлі жанрды қамтитын 70-тен астам туындысы бар.
Тілек Халин - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, туындылары талайды тамсандырған қылқалам шебері, жүзден астам картинаның авторы. Осыдан алты жыл бұрын Индер ауданы Бөдене ауылынан өзінің сурет галереясын ашқан. Мұнда түрлі жанрды қамтитын 70-тен астам туындысы бар, деп хабарлайды Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мәскеудегі өнер институтын екі жыл қашықтықтан оқыған ол, ауыл мектебінде бейнелеу пәнінен сабақ берген. Шабытты дархан даладан алатын Тілек Халиннің туындылары Түркия, Италия, Германияға танылып, әлемдік деңгейде жоғары бағаланған. Суретшінің жасы 70-ті еңсерсе де әлі күнге қылқаламын тастамапты.
- «Ауыл» деп айтпау керек. Ол – ұлы дала. Мен соның рухымен жұмыс жасаймын, мүмкін. Шеберханам жоқ. Шалқайып отырып, жұмыс істеп көрмедім. Бәрін үй жағдайында жасадым. Соның өзінде туындыларым көптің көңіліннен шықты, - деді Тілек Халин.
Өнер иесі Бөдене ауылының атауы әлемге танылғанын армандайды. Соған сәйкес галереясы ресми заңдастырылып, шаң басқан туындылары үшін арнайы кабинет берілсе дейді. Бала жастан қылқаламды жанына серік еткен Тілек Халиннің суреттері бөденеліктер тарапынан да оң бағасын алып жүр.
- Ағайдың ауыл тоғайын керемет бейнелеген «Талөткел» атты картинасы бар. Галереяға келген сайын сол суретке қарап, тамсанамын. Ағайдың пейзаждарының жанкүйерімін десем артық емес. Бөденеліктер оның өнеріне тәнті, - деді ауыл тұрғыны Роза Сатаева.
Тілек Халиннің суретшіліктен бөлек ақындық қасиеті тағы бар. Бүгінде оның 5 жыр жинағы жарық көрген. Махамбет атындағы сыйлықтың иегері. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық шығармашылық конкурста лауреат атанған.