«Ғасырдың ғаламат ақыны»: Атырауда Мұхтар Шахановтың жыр кеші өтті

Атырауда Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Мұхтар Шахановтың «Ғасырдың ғаламат ақыны» жыр кеші өтті, - деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театрында Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толуына орай жыр кеші өтіп, заңғар ақынның өнерін бағалайтын жұртшылық жиналды. Театр залында ине шаншар жер болмады.
Рухани кеште Мұхтар Шахановтың «Сәлем, ұлы Жайығым» атты театрландырылған прологымен ашылды. М.Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театрының әртістері қойған көріністер жүрегіне жол тапты.
Мұнан соң облыс әкімі Серік Шәпкенов мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты.
- Біз бүгін жырларын бүкіл Қазақстан жатқа оқыған ақын, Желтоқсан жылнамасынан роман-эпопея жазған жазушы, әндерін тұтас ел болып шырқаған композитор, қазақ тілінің қамы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп күрескен қайраткер – Мұхтар Шахановпен кездесіп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында: «Бұл кісі өте адал, шыншыл, ұлтжанды адам. Мен Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек ері атағын беру туралы жарлыққа қол қойдым», – деп өте жоғары баға берді. Бұдан артық қандай баға беруге болады. Бүгінгінің батыры қандай болады десек, сол сөздерде анықтамасы тұр емес пе?! Жыр сүйген, сөз қадірлеген Атырау жұртшылығының атынан тағы да «Қош келдіңіз!» айтамын, асыл аға! Биігіңізбен сүйсіндіріп, тереңдігіңізбен ойландырып, ортамызда әрдәйім жүре беріңіз! - деді Серік Шәпкенов.
М.Шахановпен кездесу кешінде ақынның сөзіне жазылған әндер айтылып, өлеңдері оқылды.
Түркі әлемінің заңғар ақыны, тіл жанашыры Мұхтар Шаханов сахнаға шығып, өзіне ілтипат пен құрмет көрсеткен көрерменге алғысын айтып, өлеңін оқып және ақ батасын берді.
- Поэзия деген – әлемдік деңгейде ешкім айтпағанды айту. Мен осы күнге дейін басымды кесіп алса да шындықты айтып келемін. Өлеңді кез келген ақын құрай алады. Ал ақындықтың күші шындықпен өлшенеді.
Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен,
Рухани мүдде шыңы – шындық үшін күрескен.
Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,
Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.
«Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,
Десек-тағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан!
Бұл ақындық ұстанымым қалыптасқан талайдан! – деді шындықтың шырағданы атанған М.Шаханов.
Атыраулықтар заңғар ақынмен кездесуден үлкен әсер алды. Отансүйгіштік рухқа бөленген жұртшылық сүйікті ақындарына деген ыстық ықыласын білдіріп, қошеметін аямады.