Газ-химия кешенінде газ турбинасы іске қосылды

Сәуірдің-і күні Атырау облысындағы полипропилен өндіретін газ-химия кешенінде компрессордың газ турбинасы іске қосылды. Ірі жабдықтардың бірін іске қосу зауыттағы іске қосу-жөндеу жұмыстарының маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады. Іс–шараға "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай-химия жөніндегі орынбасары - "KPI Inc." ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов, жобаның бас мердігері CNCEC компаниясының және Siemens өндіруші зауытының өкілдері қатысты.  Әлемдік Siemens компаниясының регенерациялық ауа компрессоры пропанды дегидрлеу (PDH) қондырғысында үлкен көлемдегі ауа ағындарымен жұмыс істеуге арналған. Компрессордың конструкциясы сапалы, шыдамды және жұмыс істеуге ыңғайлы, ол қызмет көрсету мерзімінде тоқтаусыз жұмыс істеп, жоғары табысты қамтамасыз етеді. Газ турбиналары үшін негізгі отын ретінде табиғи газ қолданылады. "Зауыт - Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылып жатқан баламасы жоқ ең ірі жобалардың бірі. Мұнда ең озық технологиялар мен жабдықтар қолданылды, соның ішінде осы газ турбиналық қондырғы да бар. Оны іске қосу зауыттың толықтай жұмыс жасауы үшін іске асқан тағы бір кезең болды. Жаңа зауыт қазақстандық нарықтың полипропиленге сұранысын толық қамтамасыз ете отырып, ел экономикасының дамуына оң әсер етеді, сондай-ақ біздің экспорттық позицияларымызды күшейтеді", - деп атап өтті ҚМГ басшысы А.Айдарбаев. Өз кезегінде CNCEC өкілі Сюэ Инлин KPI, CNCEC және Siemens компанияларының тығыз және үйлесімді ынтымақтастығының арқасында газ турбинасы белгіленген мерзімде жеткізіліп, іске қосылғанын атап өтті.     Сонымен қатар, Siemens компаниясының менеджері Дәулет Арыстанбаев әріптестеріне жоғары кәсібилігі және біріккен газ-химия кешені жобасында компания жабдықтарын іс жүзінде қолдануға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, полипропиленнің 65 түрлі маркасын шығаратын зауыттың негізгі құрылысы 2021 жылдың желтоқсанында аяқталды. Құрылыс кезеңінде кәсіпорынға шикізат, электр энергиясы және бастапқы тұзсыздандырылған, минералсыздандырылған және техникалық су жеткізілді. Жобаны іске асыруға Siemens, MAN, Mitsubishi, Honeywell және басқа да ірі әлемдік компаниялар тартылды. Сонымен қатар, жабдық дайындаушы зауыттардың шеф-инженерлері жоғары технологиялық жабдықтарды іске қосу және онымен жұмыс істеуге қазақстандық мамандарды оқыту үшін Атырауға келді.