Фейсбукте өзгеге жала жапқан Индер тұрғыны жазаға тартылды

Индер аудандық сотында алғаш рет тұрғынның арызы негізінде ҚР ӘҚБтК-нің 73-3 бабының 2-бөлігімен "Жала жабу" әрекетімен іс қозғалды. Ол бойынша  1977 жылы туған азаматқа қатысты әкімшілік іс қаралды деп хабарлайды Atpress.kz. облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.    Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, ол Facebook  желісінде жәбірленушінің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін былапыт сөздерді жазып, яғни телекоммуникациялар желісін пайдалана отырып жала жапқан. Сот отырысында құқық бұзушының құқық бұзушылық әрекеті, өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, сондай-ақ қосымша лингвистикалық ғылыми зерттеу жұмыстарымен толықтай дәледенді. Сот қаулысымен азамат Ж. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73-3 бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамақ түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Айта кету керек, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 26 маусымдағы Заңымен Қылмыстық кодекстегі 130-бап (жала жабу) қылмыстар қатарынан алынып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылды.