21 Шілде, 2022 692

«Еуропа-Азия» халықаралық шеруінің делегаттарын Атырау-Астрахань тас жолы мазалайды

 «Еуропа-Азия» халықаралық шеруінің делегаттарын Атырау-Астрахань тас жолы мазалайды

Бұл туралы «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруінің делегаттары Атырауға келіп өткізген брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды ATPress.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 20 шілде күні кешке «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруінің делегаттары Атырауға келген еді. Қонақтарды жергілікті халық бар сән-салтанатымен күтіп алды. Ал бүгін шеру делегаттары атыраулық БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Олардың айтуынша, елді аралау барысында ешқандай қиындықтар болмаған. Жолдар ашық, тегіс және қайда барса да халықтың қолдауына ие болып отыр. Шеру өкілдері еліміздің 10 қаласын аралап, Атырауға табан тіреді. Енді Кавказға қарай бет алмақ. Алайда оларды Атырау-Астрахань жолының бүгінгі жай-күйі мазалайды.

-Осы уақытқа дейін жол ауыртпалығын көрмедік. Енді Атырау-Астрахань жолы арқылы діттеген жерімізге аман-есен жетіп алсақ, - дейді «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруінің атқарушы директоры Руслан Абдуллин.

 «Еуропа-Азия» халықаралық шеруі құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Башқұртстанның өкілдерінен құралған 28 мүше бар. Соларың бірі – алматылық тұрғын, көпбалалы ана Динара Акимбекова, Өзбекстан азаматы Алишер Мирмұхамедов және Қырғызстан азаматы Мээрим Эсеналиева. Олар брифинг барысында бүкіл адамзат баласы жер бетінде бейбіт өмір сүріп, жүректері махаббат пен мейірімге толы болса екен және ұлтқа, дінге бөлінбей тату болса деген жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан халқына, соның ішінде атыраулықтарға кең пейілмен қарсы алғандары үшін алғыстарын жеткізді.

 Шерудің басты мақсаты - ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты насихаттау.  Сонымен қатар, дінге, ұлтқа бөлінбей, халықты бірлік пен ынтымаққа, келісімге шақыру.

«Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруінің алғашқы кезеңі аяқталғалы тұр. Ал ендігі кезекте 18 елдің ірі қалаларын аралауды мақсат етіп отыр.