05 «Желтоқсан», 2022 377

"Ешкімді қорқытып жұмыс істетпейміз" – Атырау облысының әкімі

 «Ешкімді қорқытып жұмыс істетпейміз» – Атырау облысының әкімі

Биыл жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізу қажеттілігіне байланысты 31 жоба мақұлданды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы  мен жобалық өзгерістер себеп болып отыр.

– Сонымен қатар, облыс деңгейінде келісім алынбай, Атырау қаласы және Жылыой ауданы бойынша 6 жобаның жобалау-сметалық құжаттамаларына түзету жұмыстары жүргізілуде, ал Жылыой ауданында осындай жұмыстар 11 жобаға жоспарлануда. Осы орайда айта кететін бір мәселе, құжаттамаларға жасалып жатқан түзетулер санының үздіксіз өсуі болып отыр. Қалалық, аудандық деңгейдегі тиісті бөлімдермен бұл бағыттағы жұмыстар облыс деңгейінде алдын ала келісім алынбай жалғаса беретін болса, бұл өз кезегінде басталып кеткен жобалардың аяқталмай қалуына әкелетінін ескеруіміз қажет,-деді А.Әжіғалиева.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов бюджеттік жоспарлаудағы кемшіліктерді, жобаларды орындаудағы тәртіптің төмен деңгейде екенін ашып айтты. Оған қоса құрылысы жүріп жатқан нысандардағы жұмысты ұйымдастыра алмаған басқарма басшылары мен аудан әкімдерін сынға алды.

-  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту тапсырмасына сәйкес кешенді жоспар жасақталып қаражат бөлінді. Алайда жұмыстың жүргізілмеуі себепті бөлінген қаржыны кері қайтардық. Бұл – бізге сын. Ешкімді қорқытып жұмыс істетпейміз, өздеріңіз жанашырлықпен жасауларыңыз керек. Егер мердігер мекеме келісілген графиктен тыс қалса, ешкімді аямаңыздар. Заң аясында келісімшартты бұзу керек. Мемлекеттің қаражатын жымқырған мердігерлер заң алдында жауап беруі тиіс. Бірде-бір мемлекеттік қызметші оларды арашалаушы болмасын. Сонымен қатар жобаларды түзетуге қатысты арнайы комиссия құрылсын. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жұмыс тобы болып, комиссия төрағасына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев сайланады. Сол жерде қай жобаның рұқсат беріліп, берілмейтіні нақтыланады. Осы комиссия арқылы аудан әкімдері түзетуге енетін нысандарды ұсынсын. Арнайы регламент бекітіп, 5 күннің ішінде нақтылап, екі айдың ішінде шешім қабылдауы қажет,-деді С.Шәпкенов.

Фото: ашық дереккөз