Енді зияткерлік меншік объектілері шалғай ауылдың тұрғындарына түсіндіріледі

Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің және  мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен семинар өтті. Яғни олар семинардан кейін зияткерлік меншік обьектілері туралы шалғай ауылдардың тұрғындарына түсінік жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. 

Жиында облыс әкімінің орынбасары М.Мурзиев семинардың маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

- Аталған саладағы жаңашылдық «географиялық нұсқама» зияткерлік меншік объектісінің пайда болуы. Аталған меншік объектісі өңіріміздің ауыл шаруашылығын дамытуға және облысымыздан өндірілетін өнімді ұлттық брендке айналдырып, оны ілгерілетуге және шет елде танымал етуге мүмкіндік береді. Бұл бағытта осы саладағы жергілікті атқарушы органдардың үлесі зор болмақ. Сонымен қатар бүгінгі семинарды ұйымдастырып отырған Атырау облысы Әділет департаментіне және Ұлттық зияткерлік меншік иститутына алғысымызды білдіреміз, - деді ол. 

Қазіргі уақытта елімізде «географиялық нұсқама» объектісі ретінде бес өнім тіркелген. Мәселен әлемге әйгілі «Алматы апорты» осы «географиялық нұсқама» объектісі ретінде тіркеліп отыр. Сонымен қатар бұл тізімде көршілес Маңғыстау облысында «селекциялық жетістік» ретінде тіркелген «Адай жылқысы» да бар. Мамандар осының бәрі еліміздегі, әсіресе өңіріміздегі ұлттық брендтерімізді танымал етумен қатар, оны қорғап қалуға мүмкіндік беретінін айтты. 

- Зияткерлік меншік құқығын сақтау және қорғау саласындағы заңнаманың талаптарын түсіндіру жұмыстары азаматтар, кәсіпкерлер және өскелең ұрпақ арасында департаментпен тұрақты негізде жүргізіліп отырады. Зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуы мемлекеттің, азаматтардың және кәсіпкерлеріміздің беделіне зор нұқсан келтіретіні сөзсіз. Осы жерде зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы жұмыстарды аудандарымыздағы және шалғай ауылда орналасқан ауыл азаматтары мен кәсіпкерлерімізге жүргізу үшін облыс әкімдігі тарапынан қолдау бұдан әрі жалғасатындығына зор сенім білдіреміз, - деді Атырау облысы әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы С.Абилхайров.

Анықтама үшін: Зияткерлік меншік – бұл зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелері және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді дараландыру құралы.