15 Маусым, 2023 81

Енді сотталғандар азаптау туралы терминалдар арқылы хабарлай алады


Атыраудағы түзеу мекемелерінің қолжетімді жерлеріне 16 электронды терминал орнатылып, сотталғандардың прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға өтініш беру рәсімі жеңілдетілді, деп хабарлайды AtyrauPress Атырау облысының прокуратурасы сілтеме жасап.

Азаптау туралы істерді тергеп-тексеру прокуратура органдарына жүктелген. Бүгінде азаптауды түбегейлі жою және оны болдырмау мақсатында Қылмыстық-атқару жүйесіндегі пенитенциярлық мекемелер жаппай бейнебақылау камераларымен жабдықталды.

Прокурорлар бейне камералар арқылы үнемі онлайн (қашықтан) мониторинг жүргізіп, қамауда отырғандардың құқықтарының сақталуына қадағалау жүргізуде.

 «Сотталғандарға өтініш жолдаудың тәртібін түсіндірдік. Енді  терминал қамаудағыларды ЖСН және биометриялық мәліметтері арқылы таниды. Саусақ іздерін сканерлегеннен кейін терминал өтінішті қабылдап, арнайы талон береді», - деді  облыс прокурорының орынбасары Нұржан Серікұлы.

Бастысы, бұл процестердің барлығы мекеме әкімшілігінің қатысуынсыз жүзеге асырылады және олардың заңсыз әрекеттеріне кедергісіз шағымдануға мүмкіндік береді.

Электронды терминалдар заң бұзушылықтардың алдын алуға және уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА