Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында айтқан еді.
Елімізде 800 мың балаға жағдай жасау керек
Мектеп тапшылығы мен білім ұяларындағы орын санының шектеулілігі – бүгінгі күннің өткір мәселесі. Сондықтан Мемлекет басшысы Жолдауда орта білімнің ұлт болашағы үшін аса маңызды екенін айтып, балалардың оқуы және жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасалуы қажеттігін назарға салды.
- Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек, - деді Президент.
Биыл ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Демек, жауапкершілік бұрынғыдан да арта түспек.
Атырауда табиғи өсім бар
Мектеп тапшылығы мәселесі Атырау облысын айналып өткен жоқ. Өкінішке қарай, мұнайлы өлкеде де балалар үш ауысымда және апатты мектептерде оқып жатыр. Биыл облыстағы 200 мектепке биыл жаңа оқу жылында 142 мыңнан астам оқушы барды.
Жылдан жылға қала аумағы үлкейіп жатыр. Көші-ғон да бір орында тұрған жоқ. Жұмыс істеуге келіп, осында тұрақтап қалғандар жеткілікті. Шетелдерден бауырластар атамекеніне оралып жатыр. Көп балалы отбасылардың саны артып келеді. Халық саны артқан сайын демографияның да өсетіні белгілі. Осыдан келіп балабақша мен мектепке деген сұраныс артады.
Мәселен, Атырау облысында 2020 жылы 17 мың 720 бала туылса, 2021 жылы 18 мың 139 нәресте жарық дүние есігін ашыпты. Ал биыл 8 ай ішінде 11 мың 333 сәби дүниеге келген екен. Байқағанымыздай, жылдан жылға өмірге келетін сәбилердің саны артып отыр. Бұл балалар өсіп-жетілгенше, тағы да балабақша мен мектеп мәселесі өзекті болатыны сөзсіз. Осы тұрғыда тағы да сандарды сөйлете отырып, мысал келтірейік: биыл облыста 14 мың 800 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, былтыр 11 мыңнан астам бүлдіршінге алғашқы қоңырау соғылды.
Биыл тамыз кеңесінде үш ауысымдық мектеп мәселесінің өзектілігі айтылды. Сол кезде облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Дүйсекенова апатты мектептер мәселесін шешу үшін аудандарда 3 мектептің құрылысы жүріп жатқанын, бүгінгі таңда облыстағы 11 білім ұясында оқушылар 3 ауысымда білім алатынын және 4 мектептің апатты деп танылғанын айтқан болатын.
Жаңа оқу жылының басында Ж. Қаражігітов атындағы №16 мектептің ата-аналары балаларының үшінші ауысымда оқуына қарсы шығып, мектепке жиналған еді. Онда жоғарғы сынып оқушыларының ата-аналары келді. Олар балаларының үшінші ауысымда оқуына қарсы болды. Өйткені мұғалімдер ата-аналарды оқушылардың сабағы сағат 15.00-ден 20.00-ге дейін жалғасатыны және алты күн оқитыны жайлы хабардар еткен. Алайда ата-аналар мұнымен келіспейтінін және балаларының бірінші ауысымда оқуын талап еткен-ді. Сол кезде мектеп басшылығы білім ұясында 1600 бала оқуы керек болса, қазір 3000-нан астам оқушы білім алып жатқанын алға тартты. Оған себеп, басқа шағынаудандардан келіп оқитын балалар көп. Қалай десек те, мектепке келетін бала саны көбейіп отыр.
Алдағы 3 жылда 48 жаңа мектеп бой көтереді
Атырау облысында өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін 48 жаңа мектептің ғимараты кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
Облыстық құрылыс басқармасындағылардың дерегіне сүйенсек, биыл бес мектептің құрылысы басталады. Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.
Былтыр 4 мектептің құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында 424 орындық, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 580 орындық, Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданында 1 200 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Индер ауданының орталығы Индербор кентіндегі Көктем орта мектебіне 80 орындық жапсаржай салынды. Ал, биыл республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржыға Атырау қаласында әрқайсысы 600 орындық төрт мектеп пен Индер ауданында 300 орындық мектеп-интернаттың құрылысын бастау көзделіп отыр.
Қазір Атырау қаласы мен Жылыой, Индер, Махамбет, Исатай аудандарында 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Мектеп тапшылығы мәселесі ел бойынша өзекті. Мысалы, былтыр Астана қаласында бірінші сыныпқа барған балаларды қазақ алфавитіндегі 42 әріптің 37-сі болып тұрған Ы әрпін иемденген сыныптар қабылдағанын ұмытқан жоқпыз. Демек сол жылы бір мектепте 37 бірінші сынып оқушылары алғаш рет білім алуға келді.
Жалпы, бір мектепті салу үшін неше қаражат қажет және оның құрылысына неше уақыт кетеді? Осы сұрақтарды Атырау облыстық құрылыс басқармасының әлеуметтік инвестициялық жобалар бөлімінің жетекшісі Күлән Күлбаеваға қойдық. Оның айтуынша, мұның бәрін мемлекеттік экспертиза мектептің көлеміне байланысты есептептеп шығарады. Мәселен, 900 орындық мектеп-интернат салу үшін шамамен 20 ай қажет екен.
Биыл 33 адам парамен ұсталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми дерегіне сүйенсек, биылғы 8 ай ішінде шамамен жалпы сомасы 500 миллиард теңге болатын мүлік, активтер мен қаражат мемлекетке қайтарылған екен. Оның ішінде қаңтар оқиғасынан кейін айыпталғандардың заңсыз иеленген дүние-мүлкі де бар. Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, көбінде әкімдік қызметкерлері жемқорлыққа жол береді екен. Нақты сандарды мысалға келтірер болсақ, 2022 жылғы қаңтар – шілде аралығында әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің 91 қызметкері ұсталған. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш екен. Мысалы, былтыр 87 жемқордың қылмысы әшкереленген. 2020 жылдан 2022 жылғы бірінші тоқсанға дейін 418 қылмыстық іс аяқталып, олар бойынша 162 адам сотталды.
Былтыр Атырауда Абай Құнанбаевтың ескерткішін жасау мен орнатуға келісімшарт жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілініп, Атырау облысы әкімінің орынбасары қамауға алынды. Бұл бойынша әлі сот процесі жүріп жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Айдана Аманиязова берген мәлімет бойынша, 2021 жылдың 9 айында 50 адам, ал биыл 9 айда 33 адам ұсталды. Былтыр 30 және биыл 5 адам айыппұл төлеген.