Атырауда енді ауыл тұрғындары 18 жастан бастап скринингтен өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Алмагүл Абилова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қарапайым халықтың денсаулығын қадағалау мақсатында, кез-келген аурудың алдын алу үшін тұрғындар екі жылда бір рет скринингтік тексерістен өтеді. Скринингтік тексеріс Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 30 қазандағы №174 бұйрығымен жүргізіліп келеді. Осы жылы бұл бұйрыққа түзетулер еніп, өзгерістер орын алды.
- Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен осы жылдың шілде айынша бірнеше түзетулер енген еді. Бұл түзету осы жылдың қараша айында өз күшіне енді. Ауыл халқы үшін скринингтердің жеткіліксіздігін ескере отырып, 18 жастан бастап жаңа нысаналы топтарды анықтау арқылы ауыл халқын қамтыды. Бұған дейін скрининг 30-70 жас аралығында жүргізілсе, енді 18 жастан бастап жасалады. Сондай-ақ ас қорыту ішек жолдары, қуық асты безінің аурулары, мінез-құлықтың өзгерістері және асқазан ішек жолдары бойынша жаңа скринингтік топтар қосылды. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тұрғындарды скринингтен өтуге шақырамын, деді А.Абилова.
№4 қалалық емхананың директоры Еркін Сабировтың айтуы бойынша, бүгінде Атырау тұрғындарының 76% сринингтен өткен. Осылайша биыл скринингке келушілердің саны артқан. Оның себебі жаңа өзгерістердің пайда болуы және ақпараттың жақсы дамуының салдарынан екенін жеткізді.