«Ең қиыны – өлімді естірту»: Атыраулық фельдшер әлеуметтік желілерде танымал болды

27 жастағы Ермек Дошаков төрт жылдан астам жедел жәрдем фельдшері болып жұмыс істейді. Бүгінде ол Instagram-да танымал, ал жақында TikTok-ты да бағындыра бастады, деп хабарлайды AtyrauPress.

TikTok-та жас фельдшердің әзірге 1052 жазылушысы бар, ал Instagram-да олардың саны 11 мыңға жетеді. Оның айтуынша, жедел жәрдем дәрігерінің күнделікті өмірі туралы посттар сала бастаған кезде, оған тіркелуішлердің қатары да арта бастады.  Жас маманның аудиториясы оның әрбір жазбасын оқып, белсенділік танытады. Сонымен қатар, бірі - жедел жәрдем жұмысы жайлы, дәрігер мамандығын қалай оқуға болатынын сұраса, енді бірі - оған сәттілік тілеп отырады.

"Мен фельдшерлердің күнделікті істейтін жұмысын түсіре бастадым. Нақты айтқанда, біздің жұмысымызда  адамдардың ойына келмейтін жағдайлар болып тұрады. Соларды көрсеткім келді. Қолым қалт еткен кезде өзім түсірген видеоларды монтаждап, әлеуметтік желілерге жүктедім. Әр видео көп қаралым мен лүпіл жинап, маған тіркелушілердің де қатары арта түсті. Аудиторияны қызықтырып ұстап тұру үшін блогты үнемі жаңа бейнежазбалармен толықтырып отыру өте маңызды және олар бірін-бірі қайталамауы керек", - деп түсіндірді фельдшер Ермек Дошаков.      

    Ермектің айтуынша, жұмыс барысында қызықты жағдайлар көптеп кездеседі. Бірақ алты айлық нәрестенің клиникалық өлімге ұшыраған сәті әлі есінен кетпейді.

«Нәресте ата-анасымен бірге жол апатына ұшыраған еді. Біз оны көз жұмды деп ойладық. Алайда барлық реанимациялық шаралардан соң ол есін жиды. Сөйтсек, клиникалық өлімге ұшыраған екен", - дейді фельдшер.

Дәрігер осы күнге дейін неше адамның өміріне араша болғанын білмейді. Медициналық көмекке зәру адамдарға қол ұшын созуды өзінің міндеті деп санайды. Өкінішке қарай, жедел жәрдем қызметкерлері дәрменсіз болатын сәттер де жоқ емес. Мұндайда ең қиыны – адамдарға өлімді естірту.

Ермектің өзіне қол жұмсамақ болған жігітті құтқарғаны туралы видеосы 50 мыңға жуық қаралды. Фельдшер видеоға  «Мұндай әрекеттерге бармас  бұрын, өмірге әкелген анаң мен Жаратқанды ойла» деп жазыпты. Ол осылайша өзгелерге ой салып, суицид жасағалы жүргендерді райынан қайтарады деп үміттенеді.

 Ермек Дошаковтың өмірімен сіз Instagram және TikTok сайттарында таныса аласыз.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА