08 Шілде, 2022 332

Еліміздің жетекші дерматологтары атыраулық балаларға көмек көрсетті

 Еліміздің жетекші дерматологтары  атыраулық балаларға көмек көрсетті

Балалар жылына орай облыстық тері-венерологиялық диспансері базасында «Кішкентай пациенттерге көмек» атты ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының жетекші дерматовенерологтары мен дерматокосметологтары Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мамандарымен бірлесіп, Атырау өңірінің жас пациенттеріне қабылдау жүргізді.

Қабылдауға 85 бала мен жөсөспірім келді. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, кеңес берілді.

Мамандар жиі кездесетін тері ауруларын (витилиго, атопиялық дерматит, псориаз, экзема және т.б.) диагностикалау және емдеуде практикалық көмек көрсетті.

Сонымен қатар, соңғы жылдары жасөспірімдер мен жастар үшін күрделі проблемаға айналған безеу ауруын емдеу тәжірибесімен бөлісті.

Жасөспірімдер мен олардың ата-аналары теріге дұрыс күтім жасау, безеуді емдеу туралы кеңес алды.

Айта кетейік, 7-10 шілде аралығында ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының жетекші дерматовенерологтары және дерматокосметологтары мен Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мамандары және Атырау қаласының эстетика және медицина орталығының мамандарымен бірлесіп балалар мен жасөспірімдерге қабылдау өткізетін болады.