Электр бағаналары атыраулықтардың үрейін ұшыруда

Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазбалар жариялауда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Біздің ауланың іргесінде жарық бағанасы құлайын деп тұр. Жазда ТКШ бөліміне хат та жаздық. Бірақ, ешқандай жауап болмады. Қыс та таяп қалды, боранды күндері соқа адамдардың үстіне құлай ма деп қауіптеніп отырмыз» дейді қала тұрғыны Валерий Глебов.

Тағы бір желі қолданушысы Дариға Тұрсынқызы көше бойына қондырылған бағаналарда да жарықшалар бар екенін жазады.

– «Талқайраң-2» ықшамауданында көшелерде жарылып жатқан соқалар тұр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл мәселеден хабардар болса да, әзірге ешқандай шарасын алып жатқан жоқ. Соңғы рет қатты жаңбыр мен желден кейін мемлекеттік бағдарламамен салынған бірнеше үйдің шатыры ұшып кеткен еді. Сол кезде осы электр бағаналары да бірге қираған еді. Билік өкілдері бәріне табиғаттың тосын сыйын кінәлады. Ал, енді не дер екен?» деп жазды ол.

Белгілі болғандай, жарық бағаналары осыдан үш жыл бұрын орнатылған екен. Осы уақыт ішінде олар әбден ескірген. Қалалық әкімідктен білгеніміздей, қазір оларды ауыстыруға ашық байқау жарияланған. Жеңімпаз, яғни, мердігер мекеме анықталған соң ғана тиісті жұмыстар қолға алынбақ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ