Екі сағат ішінде АМӨЗ ауаға 8 мың текше метр технологиялық газды шығарып, ауаны ластады

Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты сұйытылған газ, табиғи газ, С1, С2, С3, бутан, бутадиен, пропан, полипропилен, сутегі сияқты зиянды заттар шығарып, ауаны ластады. Бұл туралы «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратов мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 3 шілде сағат 17:25-те (жергілікті уақыт) «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі салдарынан зауыт жұмысын тоқтатты. Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін зауыттың отын желісі факелге жіберілді. Салдарынан ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысын қоспағанда, зауыттың технологиялық қондырғылары апатты түрде тоқтады. Түн ортасынан кейін "KEGOC" желілерді электр қуатымен қамтамасыз етіп, АМӨЗ қондырғыларын іске қосуға рұқсат берді. Қазір іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Толық іске қосу 6 шілдеде жоспарланған.

Мұрат Досмұратовтың айтуынша, төтенше жағдайды болдырмау үшін шамадан тыс қысым алау қондырғыларына бағытталып, қала экологиясына орасан зор зиян келтірді.

«Алау 2 сағат бойы жанып тұрды. Технологиялық регламентке және Апатты жою жоспарына сәйкес шамадан тыс қысым алауға бағытталды. Бұл мәжбүрлі шара болды. Соның салдарынан 8 мың текше метр технологиялық газ ауаға шығарылды: бұл сұйытылған және табиғи газ, С1, С2, С3, бутандар, бутадиендер, пропандар, полипропилендер, сутегі. Бұл алғашқы апатты жағдай емес. Дәл осындац жағдай 2021 жылы болған еді. Ол кезде шығын көлемі -  69 млрд теңге, ал 2022 жылы – 2 млрд-ты құрады. Биылғы шығын да аз болмайды деп ойлаймын. Тек үш тәуліктің ішінде біз 45 мың тонна мұнайды өңдей алмаймыз, бұл тек сырттан көріп отырған проблемалар. Толық залал кейінірек есептеледі. Бұл жолы сотқа жүгінеміз деп ойлаймыз. Бірақ бұл ретте экология департаменті де бізді қоршаған ортаға келтірілген залал үшін сотқа береді деп күтеміз", - деді М. Досмұратов.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото Динара КАНБЕТОВА