Егіз келді: Атыраулық дәрігерлер күрделі ота жасап, диагнозы ауыр әйелді босандырып алды

Атыраулық дәрігерлер жүкті әйелге күрделі ота жасап, мерзімінен бұрын босандырып алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық перинаталдық орталығында дәрігерлер күрделі жүрек ақауы бар жүкті әйелдің өміріне араша түсіп, егіз қыздардың жарық дүниеге аман-есен келуіне себепші болды.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, пациенттің жүрегіне үшінші дәрежелі митральді жетіспеушілік, I дәрежелі трикуспальды жетіспеушілік, өкпе гипертензиясы диагнозы қойылған. Ақ халаттылар жүкті әйелді реанимация бөлімшесінде Астана қаласына тасымалдауға дайындалып жатқан. Алайда толғақтың кенеттен басталуына байланысты пациентке жедел түрде ота жасауға тура келді.

Отаны перинаталды орталығы директорының орынбасары Меруерт Айдарханова, Жанар Шаншарова жасады, ал наркоз берген реанимация бөлімі меңгерушісі Нұрсұлу Орынбасарова.

«Қазір мерзімінен бұрын туған егіз қыздар  мен оның анасының жағдайы қанағаттанарлық», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Эльмира Мықтыбаева