Ең үздік қақпашы: Атыраулық Дильназ Барсаева - ұлдар футбол командасының мақтанышы

8 наурыз мерекесі қарсаңында жас футболшы Дильназ Барсаева туралы жазудың орайы келді. Ол Атырау қаласындағы «RealSportAcademy» футбол клубының ұлдар құрама командасында үздік қақпашы атанып отыр. Ең қызығы – ол кілең ұлдардың арасындағы жалғыз ғана қыз. Дильназ неге ұлдармен теңбіл доп теуіп жүр? Қарсыластарының  добын қақпаға енгізбей, қағып тастауының құпиясы неде?

Қыз баласы кішкентай кезінде қуыршақпен ойнаса, ал біздің кейіпкеріміз көшеде доп тебуге қызықты. Ол футбол деген қызықты әлеммен 5 жасынан бастап танысты. Дильназ бала кезінен көп уақытын көрші тұратын ұлдармен бірге доп қуып өткізетін. Қазір оның жасы 14-ке келді. Бүлдіршін кезде бастаған сүйікті ойынын әлі де жалғастырып жатыр. Бірақ өз жас-шамасына лайықты шыққан белесі, жеткен жетістіктері бар. Қазір ол «Жұмыскер» шағынауданында орналасқан «RealSportAcademy» футбол клубында өнер көрсетеді.

Дильназ ұлдармен есік алдында қашанғы доп тебе берсін? Көшенің жабайы футболынан қанаттанған соң спорттың осы түрімен кәсіби айналысуды жөн көрді. Ал ата-анасы қызының бұл таңдауына қолдау көрсеткен.

«Аяқ доп ойнағанды ерекше жақсы көрем. Досым Тимурдың  футбол ойнағанына қатты қызығушы едім. Бір күні ол мені ойнап көруге шақырды. Сол күннен бастап осы ойынға деген сүйіспеншілігім артты. Ал 10 жасқа толған кезімде «RealSportAcademy» футбол клубына келдім. Мұндағы мақсатым – спорттың осы түрінің мен білмейтін тұстарын үйрену, жетістікке жету болды. Әкем де, анам да қарсы болған жоқ. Керісінше, олар қолдады. Бағыт-бағдар берді. Олар менің жетістікке жететініме сенді», - дейді жас қақпашы.

Футболшылар «Жақсы қақпашы – жарты команда» дегенді жиі айтады. Олай деуінің де себебі бар. Өйткені футболда қақпашының атқаратын маңызы жоғары. Оның мақсаты – қақпаға гол жібермеу ғана емес, команда шабуылына да күш беру.

«Қақпашы болу оңай деп айтпас едім. Біз жаттығу барысында допты қалай ұстау керек, қақпаның қай жерінде қалай дұрыс тұру керектігін үйренеміз. Тіпті құлаудың да өз техникасы бар. Қақпашы өзіне сенімді болуы қажет. Егер ол бір қателік жіберсе, команда ұтылып қалуы мүмкін. Сондықтан жарыс кезінде командамның үмітін ақтауға барымды саламын. Бұдан бөлек, кез келген сәтте қарсыластардың қауіпті шаубылына да дайын болған жөн. Қысқаша айтқанда, қырағылық пен жылдамдық аса маңызды», - дейді Дильназ.

Кейіпкеріміздің ұлдар командасында ойнайтынын білгендер таңданысын жасыра алмайды. Иә, Атырауда қыздардан ғана құралған футбол командасы бар. Бірақ ұлдардың арасында ойнап, олардан бірде-бір кем түспейтін Дильназды жерлестері білуі тиіс. Оның айтуынша, командада футболды өте жақсы ойнайтын ұлдар жиналған және олар оны қыз деп бөлмейді. Керісінше, достығы мығым және бірлігі жарасқан тату команда.

2021 жылы Қазақстан футбол федерациясының бастамасы бойынша жеке клубтардың арасында футбол лигасы құрылды. Ол ЖКФЛ деген атау алды. Бұл жоба Қазақстанның шалғай аймақтарының барлығын қамтиды. Қазір облыс орталықтарында жеке клубтар құрылып, әр жастағы балалар мен жеткіншектер жеке кәсіптік клубтарда жаттығу жасап жатыр. ЖКФЛ соларды қолдауға бағытталған жоба. Қысқаша айтқанда, талантты футболшылардың орталығы. Дильназ Барсаева «RealSportAcademy» клубында жаттығып жүріп, екі жыл қатарынан ЖКФЛ турнирінде қарсыластарынан басым түсті. Ал 2023 жылы Қазақстан бойынша үздік қақпашы атанды. Бір ғана Атыраудың өзінде 3 рет үздік қақпашы атанған екен. Сондай-ақ, Дильназ ойнайтын команда Атыраудың өзінде қаншама жарыстарда оқ бойы озық шықты. Бұдан бөлек, Орал, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы жарыстарға барып, жеңіс тұғырынан көрінді. «RealSportAcademy» футбол клубында жаттығып жүріп, 2021 жылы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

«RealSportAcademy» футбол клубының басшысы Берік Мұраталыұлы кішкентай Дильназдың алғаш рет үйірмеге келген сәтін еске түсірді.

«Ол футбол клубының Instagram парақшасына «қыздарды қабылдайсыздар ма?» деп сұраған. Оған сол кезде өзім жауап беріп, осында шақырдым. Ертеңіне әкесімен бірге келді. Сөйтсек, ол каратэмен айналысып жүр екен. Спорттың бұл түрінен де біраз жетістіктерге жетіпті. Бірақ аңсары футболға ауып, осында ауысқысы келіпті. Ал біздің клубта үйірмеге қыздар тегін қатысады. Бізге келген соң бірден қақпашы болғысы келетінін айтты. Содан онымен жұмыс жасап, шапшаңдығын, мақсатына жетпей қоймайтын қасиетін, қорқуды білмейтін қайсар қыз екенін көріп риза болдық.  Сөйтіп командада бірінші қақпашы болды. Республикалық жарыстарда үздік қақпашы деп танылды. Дильназды келесі жылы шетелде өтетін жарысқа жіберсек деген жоспарымыз бар», - деді Берік Мұраталыұлы.  

Дильназ Барсаева Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сыныбында оқиды. Оған химия мен информатика пәндері көбірек ұнайды екен. Болашақта да мықты ойын көрсетуді жоспарлап отыр. Өйткені келешегін футболмен байланыстырып отыр.

«Мен болашақта қыздар командасына ауысамын. Әрдайым ұлдардың құрамында бола алмаймын. Өйткені олар күш жағынан бәрібір де басым түседі. Республикалық деңгейдегі мықты командалардың құрамында болғым келеді. Қазақстан Республикасының  Ұлттық құрамында және Еуропа клубтарында ойнасам деймін», - дейді қақпашы қыз.

Эльмира Мықтыбаева