Досын ажал аузынан құтқарған 9 жасар Дінмұхаммед болашақта құтқарушы болғысы келеді

Атырау облысында өнерімен, білімімен, спортқа деген сүйіспеншілігімен, батылдығымен және басқа да жақсы қырларымен елге танылып жүрген балалар өте көп. Солардың бірі - Дінмұхаммед Жаңбырбай. Ол былтыр желтоқсан айында Жайық өзенінің бетіндегі әлсіз мұз жарылып, суға батып кете жаздаған досын құтқарып қалды.

Жас батырға балаларды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, ерлігі және жанқиярлығы үшін Дінмұхаммед Жаңбырбайға «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» Қазақстан Республикасы ТЖМ медалімен наградталды. Қазақстандықтар 25 қазанда ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді. Міне, осы айтулы мереке қарсаңында мұнайлы өлкені өзінің өжеттілігімен, қайсарлығымен елге таныта отырып, өзгелерге үлгі бола білген Дінмұхаммед туралы жазуды жөн көрдік. 

Былтыр 3 желтоқсан айында болған оқиға жас батырдың әлі есінде. Ата-анасы Жайық өзеніне бармау, онда ойнамау қажеттігін мықтап ескерткенімен, ойын баласы екі досының соңынан еріп кетеді. Балалар мұзды қызықтап, сырғанап жүргенде, кенеттен әлі тоң болып қата қоймаған мұздың беті ойылып, оның екі досы суға күмп ете қалады. Мұны көрген Дінмұхаммед еш ойланбастан көмекке ұмтылды. Өзі де әлсіз мұздың үстінде тұрғанына қарамастан, достарының бірін қолынан тартып судан алып шықты. Ал судан шыққан жасөспірімнің бірі екіншісін құтқарып қалған. Осылайша, олар бір-бірін аман алып қалды. Кейін екі жасөспірімнің бірі - 14, екіншісі - 9 жаста екені белгілі болды. 

«Жексенбі күн болатын. Достарым Қанат және Абдулламен бірге аулаға ойнауға шыққанмын. Содан өзен жаққа қалай кетіп қалғанымызды байқамай қалдым. Маған әкем сол күні өзенге бармау керектігін ескертсе де, менің де ойнағым келді. Содан балалардың соңынан еріп бардым. Бірақ мұз үстіне шықпадым. Бірақ, достарымның мұзға түсіп кеткенін көріп, көмектесуге бардым. Қолымды созып, біреуінің судан шығуына көмектестім. Кейін 6 полицей келді. Әкем өзенге барғаным үшін ренжитін болды, ұрсады деп ойлап едім. Алайда, әкем ұрысқан жоқ. Ал достарым мен сыныптастарым маған қолдау білдірді», - дейді Дінмұхаммед Жаңбырбай.

Жас баланың айтуынша, досын құтқару оңай болмағанын және ойында тек құтқару деген ой болғанын айтты. 

«Өзеннің жағасында камера барын білмедік. Достарыммен ойнап, оларды құтқарғаным түсіпті. Менің орнымда кез келген бала осылай жасайтын еді деп ойлаймын», - деп ағынан жарылды. 

Дінмұхаммедке ведомстволық награда – төсбелгіні министрдің атынан сол кездегі Атырау облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаев табыс етті. Оның батырлық іс-әрекеті үшін, ата-анасы  айналасындағыларға көмекке келуге дайын тұратын баланы тәрбилегені үшін алғыс білдірді.

Оқушы "Қайырымдылық керуені" бесінші республикалық конкурсының "Бала жүрегі" номинациясы бойынша екінші орынды иеленіп, кеудесіне үшінші медаль тағылды.

Жас құтқарушыны атыраулық полицейлер де марапаттады. Атырау облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев Дінмұхаммедтің оқитын мектебіне барып, департамент бастығының алғыс хатымен марапаттады.

Бұл аз десеңіз, ҚР Қорғаныс Министрі генерал полковник Р.Жақсылықов та Дінмұхаммедке  Алғыс хат табыстап, сыйлығын тарту етті және "Ел қорғаны" медалін табыстады.

Бұдан бөлек, Дінмұхаммед Жаңбырбай «Жас батыр» атанды. Оған бұл аталым былтыр Балалар жылы аясында өткен жас патриоттар форумында тапсырылды. Форумға еліміздің барлық өңірінен 7-14 жас аралығындағы балауса ақындар, жазушылар, блогерлер, суретшілер, өнерпаздар мен спортшылар қатысқан. Олардың арасынан 10 аталым бойынша 30 жеңімпаз анықталған. Дінмұхаммед сол кезде өзі сүйп көретін «Балапан» телеарнасында болды. 

Дінмұхаммед Жаңбырбай үш балалы отбасының ортаншы перзенті. Қазір ол Атырау қаласындағы №3 орта мектептің 4-ші сыныбында оқиды. Оның сынып жетекшісі Самал Жұмабекқызының айтуынша, Дінмұхаммед сабақты жақсы оқитын алғыр оқушылардың бірі. Тәртібі де, тәрбиесі де жақсы. Кез келген жағдайда көмекке келуге әзір тұрады екен. 

Жас батырдың анасы Гүлдана Мыңтұрғанқызы ортаншы ұлының осындай ерлік жасап, адам өмірін құтқарып қалғанын мақтан тұтады. Дегенмен, Дінмұхаммед секілді өзге де балаларға ата-аналарының айтқанын тыңдап, қауіпті жерде ойнамауды сұрайды.

 - Менің ұлым  қасындағы достарына, айналасындағы адамдарға көмек қолын созғанды жақсы көреді. Сондай елгезек. Бір адамның өмірін құтқарды. Сол жердегі балалардың бойында жанашырлық сияқты қасиеттің арқасында ешкім қайғы жұтпады, баласынан айырылмады. Алла бір күш қуат берді. Басқа да балаларға айтарым – мұндай қауіпті жерде ойнамаңдар. Ата-аналарың сендердің әрқайсыларыңның болашағыңнан үлкен үміт күтіп отыр», - деп ақылын айтты.

Жас баланың ерлігі көпті таңқалдырды. Ол кезде оның жасы небәрі сегізде еді. Сол кезде құтқарылған балалардың аналары тәрбиелі ұл өсіріп отырған оның ата-анасына орасан зор алғыстарын жеткізіп еді.  

Дінмұхаммед Жаңбырбай 2014 жылдың 5-ші қаңтарында дүниеге келген. Отбасында ортаншы бала, Анасы Гүлдана Мыңтұрғанқызы Атырау облыстық кірістер департаментінде бас маман болып жұмыс істейді. Ал әкесі уақытша жұмыссыз. 

Жас батырдың ендігі арманы – құтқарушы болу. 

«Мектеп бітірген соң құтқарушы болғым келеді. Біреуге көмектескен, жақсылық жасаған ұнайды. Енді мен сабақты жақсы оқуымды жалғастырып, ата-анамның үмітін ақтауым керек. Болашақта ата-анама қолқанат болсам деймін», - деп мақсатымен бөлісті Дінмұхаммед Жаңбырбай.

Дінмұхаммедтің ерлігін әспеттеп, өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен бірқатар басқарма мен департамент басшылары да марапаттап, қолдау білдірді. Жас жеткіншек осылайша көптің алғысы мен батасын алды.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА