Доссорлық 8 отбасы жаңа баспанаға ие болды

Мақат ауданының 100 жылдығы қарсаңында Доссор кентінде тұратын отбасылар баспаналы болып, қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудан әкімі Ринат Хисаұлы мемлекеттік бағдарлама аясында жергілікті бюджет есебінен сатып алынған жаңа тұрғын үйдің кілтін 8 отбасыға табыс етті.

Іс-шарада аудан әкімі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында биыл ауданымызда баспананың  көптеп салынатындығын айта келе, тұрғындарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.

Сонымен қатар, Доссор кентінің ардагері Бисенов Қадірғали және жаңа қоныс иесі Қазмұқанова Алима қоныс иелерін құттықтап, өз ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, баспана кілті кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға берілді.