Доссордағы сорды рекультивациялау жұмыстары әлі де пысықталады

Атырау облысында Доссор елді мекеніндегі сорды рекультивациялау жұмыстары ғылыми жағынан әлі де пысықталады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналист сұрағына жауап берген облыс әкімі Серік Шәпкенов айтып өтті.

– Біз «Ембімұнайгаз» компаниясымен бірлесіп, сорды топырақпен жабу жобасын жүзеге асыруды шештік. Дегенмен, ғылыми зерттеулер бойынша топырақпен жабу кезінде сордың бетіне қайта шығу мүмкіндігі бар екені анықталды. Сондықтан бұл мәселе ғылыми тұрғыдан пысықталуда. Сонымен қатар, «Қазмұнайгаз» компаниясының бөлген қаражатын халықпен келісе отырып сол елді мекендегі ең өзекті мәселенің бірі - апатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына пайдаланамыз, – деді әкім.

Айта кетейік, Доссордағы рекультивация және апатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары облыстың экологиялық және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының бірі болып саналады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ