Доссор кентінде алғаш рет «Шабыт» қолданбалы өнер мектебі пайдалануға берілді. Аталмыш мектепті «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік жобалары негізінде грант ұтып алған жергілікті әлеуметтік кәсіпкер, «Айналайын баладан» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Мусина ашты.
Эльмира Мусина былтыр тамыз айында жобаға өтініш жіберіп, қыркүйек айында оны сәтті қорғап шыққан. Биыл қорытындысы шығып, ауданда алғашқы «Теңізшевройл» ЖШС-нің грантын жеңіп алған кәсіпкер атанып отыр. Жалпы «Теңізшевройл» мекемесінің ауылдық жерлерді дамыту бойынша әлеуметтік жобасы Атырау және Маңғыстау облыстарын қамтиды.
Балалардың жан жақты дамуына маңызы зор орталық оларды жастайынан кəсіпке баулып, бос уақытты тиімді пайдаланып, өз қолдарымен жасаған бұйымдарды сатып, кəсіп жасауға бейімдейді.
«Шабыт» қолданбалы мектебінде тігу, тоқу, сурет салу, мүсін жасау, ағаш өндеу секілді бес бағыт бойынша 200 бала тегін білім ала алады. Балалардың бойындағы қабілетін шыңдау мақсатында тұсауы кесілген мектепке оқушылар 5 жастан бастап 18 жасқа дейін қабылданады. Қысқа мерзімді 3 айлық курсты бітірген оқушыларға куәлік те беріледі. Егер оқушы әрі қарай машықтанып жатса, өз бағыты бойынша құрал-саймандар тарту етіледі. Сондай-ақ, түрлі конкурстарға қатысуға мүмкіндік алады.
Мектептің ашылу салтанаты барысында киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, қонақтарға наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды. Оқушылардың жасаған бұйымдарынан жәрмеңке және түрлі шеберлік сағаттары өткізіліп тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйланды.