Бүгін, 21 қазан күні Республика күніне орай қазақ мұнайының қара шаңырағы Доссор кентінде «Отбасы аллеясы» мен жаңа саябақ ашылды.
«Болашаққа бағдар» жобасы аясында ауднымыздың көркін кіргізе түсу мақсатында тұрғындарға демалатын орындар – аллея және басқа да алаңдар салу үшін тапсырыс берілген болатын. Бұл құрылысқа аудандық құрылыс бөлімі жауапты болып, мердігер мекеме «Ақтау НШ» ЖШС жүзеге асырды.
Құттықтау сөзін бастап сөйлеген аудан әкімі Ринат Ибрагимов өз міндеттерін абыроймен атқарған мердігер мекемеге алғыс хат тапсырды. Екінші боп сөз кезегі құқық қорғау саласының ардагері Аманияз Қабдоловқа жолданды. «Бүгін балалармен үлкендерге арналған демалыс аллеясы ашылғалы тұр. Оған дейін бұл жерде Мақсот Қилыбаев «Доссормұнайгаз» МГӨБ басшысы болған кезінде салдырған ойын алаңы болған еді. Ол тозғаннан кейін аудан, облыс басшыларына жаңа ойын алаңына қаражат бөлу керектігі жөнінде жеткізген болатынмын. Бүгін міне, соның нәтижесі көрініп тұр. Аллеяның ашылуының басы-қасында жүрген барлық атқамінерлерге өзімнің азаматтық алғысымды айтамын. Қазіргі таңда Атырауға көшіп кетсем де, Доссор десе елеңдеп жүремін. Сіздерден сұрайтыным, бұрын-соңды болмаған демалыс алаңын ұқыпты ұстайық. Осы жерде қарауылшық қызметін атқарған Злиха Қадырқұлованың еңбегі зор екендігін айта кеткім келеді», - деді ол.
Кейін Ринат Хисаұлы мен Аманияз Таженұлы салтанатты түрде аллеяның лентасын қиды.
Кент тұрғыны Злиха Қадырқұлова болса, әсіресе балалар тарапынан аллеяны қадірлемеу жағдайлары көп кездесетіндігін, ал ата-аналары оларды тыя алмай отырғандығын айтады. Еңбегі лайықты бағаланса тәртіпті орнату жолында қалтқысыз қызмет етуге де бар.
Ал жаңа саябақ «Ембімұнайгаз» АҚ өздерінің құрылғанына 100 жыл толуына орай тұрғындарға жасаған сыйы ретінде мердігер мекеме «Alash Construction and Services» ЖШС жүзеге асыруымен кенттегі балалардың ойнауына, халықтың демалып отыруына ыңғайланып салынған болатын.
Ашылу салтанатында алғаш боп сөйлеген аудан әкімі Ринат Ибрагимов: «Республика күні қарсаңында екі саябақ ашқалы тұрмыз. Осы жер ауданымыздың ең бір көрікті жерлеріне айналады деп сенемін. Бұл саябақты халық игілігіне деп тапсырған мекеме басшылығына өз атымнан және жерегілікті жұртшылық атынан алғысымды білдіремін. Мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік! Саябақта серуендейтін жақсы күндеріміз көп болсын!», - деді.
Келесі боп сөз берілген «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлбану Шарафетдинова: «Өздеріңіз білетіндей, биыл мекемеміздің ғасырлық тойы. «Ембімұнайгаз» АҚ мұнайшылардың ғана жағдайын ойлап қоймай, белгілі бір кен орнын пайдаланушы компания ретінде сол жердің халқына игі іс жасауды жалғастыра береді. Әлеуметтік нысандарды іске қосып, қайрымдылық шараларын да ұйымдастырып отырады. Саябағымыз жастардың да, қарттардың да бас қосатын орыны болуына тілектеспіз. Сонымен қатар ұлттық мереке мәртебесіне жетіп жатырған Республика күні мейрамымен баршаңызды құттықтаймын! Қуанышты күндеріміз көп болсын!», - деп ізгі тілегін білдірді.
Ал арнайы қонақтардың арасынан сөз берілген ардагер-мұнайшы Марат Шайкүнов: «Биылғы жыл жаңалықтарға толы болып жатыр. «Ембімұнайгаз» АҚ өздерінің 100 жылдық мерейтойларын тамаша қылып атап өтуде. Соның жалғасы бүгінгі саябақтың ашылуы деп білемін. Өз басым мектеп бітіргеннен соң бұл мекемеде оператор қызметінен бастап еңбек етіп, биыл зейнет демалысына қалғаныма 10 жыл болған екен. Балалар жылында саябақты ашып тұрған тапсырыс беруші мен мердігерге рахметімді білдіремін», - дегенінен кейін, салтанатты түрде лента қию рәсімі Ринат Хисаұлы мен Гүлбану Әбутәліпқызына жолданды.
Айта кетейік, саябақ «Доссормұнайгаз» МГӨБ жанында орналасқан.