Доссорда өртенген пәтерлер туралы әкімдік түсінік берді

Атырау облысы Доссор кентінде өртенген 7 пәтерлік үйдің жағдайы туралы аудан әкімдігі түсінік берді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Тілсіз жаудың құрсауында қалған 7 пәтерлік үйдің екеуінде ғана адам тұратыны белгілі болды. Оның біреуі жалғызбасты азамат, ал, екінші пәтерді 4 баласы бар отбасы паналап келген. 1911 жылы салынған үйдің онсыз да тозығы жеткен көрінеді.

 

 - Баспанасынан айырылған отбасыларға аудан әкімдігі қолдан келгенше жәрдемдесіп жатыр. Үйсіз қалған 4 балалы жанұяға уақытша жалға үй алып берілді. Ал, екінші азамат бұл көмегімізден бас тартып, ағайындарының үйінде тұрамын деп шешті. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан заң шеңберінде көмек көрсетілетін болады, - деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Естай Мақсотов.

  Бөлім басшысының айтуынша, бұндай жағдайда үй басына 612 600 теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы беріледі екен. Қалған мәселе Тұрғын үй заңы бойынша реттелмек.