Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Атырау жылу электр орталығының ұжымымен кездесіп, газ жеткізуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы депутаттың өңірге жұмыс сапары барысында белгілі болды. Кездесу кезінде жылу маусымында туындауы мүмкін қиындықтар, сондай-ақ қаланы тұрақты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Атырау жылу электр орталығы қала тұрғындарын жылумен, ал өңірдің басым бөлігін электр энергиясымен қамтып отыр. Сондықтан газ жеткізудегі кез келген іркіліс тарифтердің өсуіне және әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін. Бұған дейін Мәжіліс қабырғасында айтылғандай, қолайсыз жағдай қалыптасса, электр энергиясының тарифі 41 пайызға, ал жылу тарифі 91 пайызға дейін қымбаттауы ықтимал еді.
Қазіргі таңда «Теңізшевройл» ЖШС мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында Атырау ЖЭО-мен жасалған газ жеткізу келісімін 2026 жылғы 30 сәуірге дейін ұзарту жөнінде уағдаластық бар. Бұл шешім алдағы жылу маусымын тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет биылғы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық санаттағы тұтынушылар үшін коммуналдық тарифтерді қымбаттатпау туралы шешім қабылдағанын еске салды. Бұл қадам тұрғындарды баға қысымынан қорғауға бағытталған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Мәжілісте газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Құжат газ нарығын реттеуге, тұтынушылардың құқығын қорғауға және жеке газ тарату ұйымдарына бақылауды күшейтуге бағытталған.