Депутат Атырау халықаралық әуежайын сынады

Атыраулық кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты Ілияс Қоныспаев Facebook желісінде Х.Доспанова атындағы халықаралық әуежайды сынаған жазбасын жариялады.

«Әуежай” деп айтуға да ұят… Іс-сапармен еліміздің басқа қалаларына жиі ұшамын. Әр ұшқан сайын батыр анамыздың атымен аталатын Атырау халықаралық әуежайына қарап, ұяламын. Біздің мұнайлы өлкеміз заманауи, кең әрі таза әуежайға жарымады ма?

Өткен аптада әуежайға әдеттегіден ерте барып, ішін бір аралап шықтым. Вокзалдан да ескі ғимарат, қуықтай ғана күту залы - бұл ұят қой! Әжетханаға да жарымаған - есігі құлауға шақ тұр, жағымсыз иіс. Халықаралық әуежайдың емес, жол шетіндегі ұмыт қалған кафенің дәретханасы секілді…» деп жазды Ілияс Қоныспаев.

Атырау әуежайының жай-күйі көптен бері талқыланып келеді. Өйткені жолаушылар үшін ыңғайлы емес. Бір мезетте бірнеше рейс ұшқан кезде залда адам көп болады. Дені отырмайды, рейсті тұрып күтуге мәжбүр.  Пандемия кезінде бұл залдың ешқандай талаптарға сай келмейтіні айтылған еді.

«Әуежайда букмекерлік кеңсенің жарнамасы мен мұндалап отыр. Бұл қаншалықты заңды? Оның орнына Атырауымыз туралы афишаларды неге ілмеске? Келген қонақ Атырауды букмекерлік кеңсенің отаны деп ойлап қалатын болар» деп жазды депутат.

Кәсіпкер әуежай басшылығында ана мен балаға, намаз оқуға арналған бөлме салуға қаражат жоқ болса, өз қалтасынан ақша бөлуге дайын екенін атап өтті.

«Қарапайым дүниелерді жөндеуге қаржы жоқ дейін десек, әуежаймыздан Түркия, Нидерланды, Ресей, Грузия, Германияға рейстер ұшады. Ақша да түсіп жатыр. Облыс әкімдігі әуежай мәселесін май шаммен қарау керек. Өйткені атыраулықтар заманауи, әсем де таза әуежайдан ұшулары тиіс!» деді ол.

Облыс әкімдігі әуежайға қатысты жағдайдан хабардар. 1931 жылы салынған бұл әуе айлағы жылына 950 000 жолаушыға қызмет көрсетеді. Компания акцияларының жартысы «Атма-Аэропорт Атырау» және «Транспорт» АҚ-ға, ал қалған жартысы «СПК Атырау» АҚ-на тиесілі.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев халық қалаулысы көтерген мәселесінің орынды екенін айтты.

 «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиісті тапсырма берілді. Дәретханалар жөнделіп, букмекерлік кеңсенің жарнамасы әлеуметтік жарнамаға ауыстырылады. Әуежайды күрделі жөндеу мәселесі қарастырылуда. Үлескерлер де не жөндеу жасау, не жаңа әуежай салу қажеттігін ойластырып жатыр. Бірақ әзірге нақты айта алмаймыз», - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

 

Дереккөз orda.kz

Аударған Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.