Демократиялық үдерістерге бей-жай қарай алмаймын - танымал заңгер

Атырау қаласындағы №16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейде орналасқан №10 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген «QORGAU» құқықтық жобасының Атырау облысы бойынша аймақтық үйлестірушісі Салтанат Рахимова өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланғанын айтады.

  – Бұл сайлау – еліміздің алдағы кезеңін, бағыт-бағдарын айқындайтын үлкен саяси іс-шара. Еліміздің экономикалық дамуына, демократиялық үрдістеріне бей-жай қарай алмаймын. Конституциямыздың 3-бабында «Биліктің қайнар көзі – халық» деп тікелей айтылған. Ал, сол билігін халық сайлауда және референдумдарда дауыс беру жолымен жүзеге асырады. Сондықтан, өзіме берілген мүмкіндікті пайдаланып, бүгінгі Президент сайлауында дауыс бердім, - деді танымал заңгер.

  Қазіргі сәтте облыста 261 сайлау учаскесі жұмыс жасап жатса, олардың 11-і жабық учаске (ауруханалар, уақытша қамау орны, әскери бөлімше).

Мәлике ҚУАНЫШЕВА