COVID - 19: Атырауда 29 жағдай анықталды

Атырауда екі аптаға жуық уақыт аралығында КВИ-дің 29 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ATPress.kz.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев облыстық өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

"Соңғы тәулік ішінде 8 КВИ-дің жағдайы, соңғы аптада орташа есеппен тәулігіне 3 жағдай тіркелген. Соңғы екі аптаны алыстырғанда аурушаңдық саны 8 есе өсіп отыр" дейді маман. Тарқатып айтар болсақ, жалпы облыс бойынша: Атырау қаласында – 22, ТШО кен орнында -5, Құрманғазы, Мақат аудандарында бір-бір науқастан тіркелген. Оның 23 -і симптомды және симптомсыз 6 науқас анықталып отыр.

- Бүгінде ауруханада 280 инфекциялық, оның ішінде 30 реанимациялық төсек орын бар. Облыста 1000-нан астам инфекциялық төсек қорының резерві жасақталған, оның 76-сы реанимациялық төсек - дейді алдын алу шаралары туралы да сөз еткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы. Оның айтуынша, бүгінде амбулаторлық бақылауда 15 адам бар. Ал, 14 адам №2 Атырау облыстық ауруханасында ем алып жатыр.

Асхан Байдуалиев сондай-ақ, үй жағдайындағы науқастар 137 мобильді бригаданың бақылауында екенін атап өтті.