Былтыр облыс бойынша өрт оқиғасы 278 мәрте тіркелген

Атырау облысындағы 2024 жылғы өрт оқиғаларының динамикасы 2023 жылмен салыстырғанда әртүрлі статистика көрсеткен. Атап айтқанда, төтенше жағдай Атырау қаласында 4%, Индер ауданында 14%, Құрманғазыда 59%, Қызылқоғада 67%-ға артса, Жылыой ауданында 4%, Махамбетте 40%, Мақатта 31%-ға төмендеген. Исатай ауданында жағдай тұрақты сақталған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Өрттің шығу себептері көбіне электр жабдықтарын дұрыс монтаждамау және техникалық пайдалану ережелерін сақтамау, отты абайсыз қолдану, пеш орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, сондай-ақ тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану барысында қауіпсіздік ережелерін елемеуден туындаған.

— Электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзуда 182 жағдай, отты абайсыз пайдаланудың кесірінен 44  жағдай, қондырғы кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу және пешпен жылытуды дұрыс пайдаланбаудың салдарынан 10 жағдай, тұрмыстық газ құрылғыларын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларының бұзылуынан 3 жағдай тіркелген. Өткен жылы облыста 278 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 12 адам көз жұмып, 12 адам зардап шеккен,- дейді Атырау облысы ТЖД басқарма бастығы Бағдат Абдуллин.

Айта кетейік, биыл қаңтар айында облыста өрт оқиғасына байланысты 21 дерек тіркелді. Оның тоғызы тұрғын үй секторында, жетеуі автокөлікте болса, бесеуі бақылаудағы объектілерден тіркелген.