Мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерулерімен былтыр 28 кәсіпорында 223 жұмысшының 66 млн теңге еңбекақы берешегі бар екені анықталды. Осыған байланысты еңбек инспекторларының тиімді жұмыстарының нәтижесінде 24 мекемеден 165 жұмысшының 33 млн теңге жалақы берешектері төленіп, еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қалған үш мекемеден 20 жұмысшыға 11,6 млн теңге жалақы берешегін мәжбүрлі түрде өндіру жұмыстары жеке сот орындаушылармен жүргізілуде. Ал 38 жұмысшының 21,4 млн теңге жалақы берешегі бар «ГазСтройМонтаж KZ» ЖШС-мен түзету жұмыстары жүріп жатыр.
- Жұмысшының еңбекақысын төлемеу - әлеуметтік жағдайына әсер беретін фактор. Сондықтан еңбекақыны кідірту мен төлемеу жағдайларына жол бермеу мақсатында тиісті құзырлы органдармен бірлесіп, жүйелі түрде мониторинг жұмыстарын жүргізудеміз, - деді Игілік Әубәкіров.
Сондай-ақ басқарма басшысы азаматтардың назарына ең өзекті мәселені, яғни еңбек кодексін білу міндетті екенін атап өтті.
- Азаматтар қандай жұмыс орны болмасын, Еңбек кодексінің 33-бабының 3-тармағы негізінде жұмыс берушімен «Еңбек шартын» жасаспай жұмысқа кірісуден бас тарту қажет. Өздеріңізге белгілі жастар каникул кезінде тамақтану, көлік жуу, ірі супермаркеттерде және т.б. жұмыс орындарында еңбек шарттарын жасаспай жұмысқа қосылу арқылы өздерінің еңбек құқықтарына нұқсан келтіруде. Сондықтан жұмысқа қабылданған жағдайда, Еңбек кодекснің 33-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс берушіден міндетті түрде еңбек шартын талап ету қажет, - деді ол.