Былтыр Атырауда аудандық аурухана мен амбулаторлық мекемелер ашылып, 40 жедел жәрдем көлігі алынды

2023 жылы Атырау облысындағы Құлсары қаласында аудандық аурухана және сегіз ауданда жаңа амбулаторлық мекемелер ашылды. Сонымен қатар, облыстағы бірқатар медицина ұйымдарына  40 жаңа жедел жәрдем көлігі тарту етілді, деп хабарлайды  AtyrauPress  облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 75 орындық аурухана ашылды. Жаңа ауруханада МРТ, цифрлық рентген, соңғы үлгідегі УЗИ аппараты, ота жасауға арналған лапороскопиялық қондырғы бар. Сондай-ақ барлық палата көпфункционалды кереуеттермен жарақталған. 

Орталық аурухана ғимараты 55 орындық негізгі корпус, 10 орындық балалар бөлімшесі, 10 орындық инфекциялық бөлімшеден тұрады. Сонымен қатар асхана ғимараты, 3 автокөлікке арналған гараж, трансформаторлық қосалқы станция, бақылау-өткізу пункті, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату ғимараты, қоқыс жинағыш, құрылысқа арналған дизельді электр станциялары, ауыз суға арналған резервуар, автотұрақ қарастырылған. Жаңа аурухана барлық санитарлық ережелер мен талаптарға сай, заманауи үлгіде салынған.

Сонымен қатар, Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында фельдшерлік пункт, Еңбекшіл мен Көздіқара ауылдарында медициналық пункт, Құрманғазы ауданының Алтыншы, Шағырлы, Қадырка ауылдарында, Қызылқоға ауданының Айдын ауылында медициналық пункт ашылды. Ал Атырау қаласындағы «Береке» шағынауданында дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілді.

Былтырғы жыл облыстағы медицина мекемелері 40 жаңа жедел жәрдем көліктерімен толықты. Әсіресе, шалғайда орналасқан аудандар үшін бұл көлік құралдары ауадай қажет. Соболь маркалы жол талғамайтын, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған автокөліктер науқастарға алғашқы көмек көрсетуге арналған.

Атап айтқанда, Исатай аудан орталығының емханасына 5 автокөлік берілсе, бірі Қамысқала мен Жасқайрат ауылдарына, енді бірі Тұщықұдық пен Қызылүй және Айбас ауылдарын қамтиды. Сондай-ақ Исатай мен Зинеден ауылдарына және Жамбай мен Нарын ауылдарына бір-бір көліктен беріліп отыр.

Қазіргі таңда жедел жәрдем автокөліктері облыстық балалар ауруханасына және облыстық перинаталдық орталыққа, сонымен қатар, облыстық кардиологиялық орталықтарына бір автокөліктен, Мақат-2, Қызылқоға, Индер аудандарына  5 автокөліктерден табыс етілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 19 автокөлік алынды. Бұл жедел жәрдем көліктері жергілікті бюджет есебінен, медициналық ұйымдардың сұранысына қарай алынып отыр.

Қызылқоға ауданында Миялы аудандық ауруханасына, Сағыз, Мұқыр, Тайсойған, Қарабау, Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану, Қаракөл, Тасшағыл дәрігерлік амбулаторияларына  10 жедел жәрдем көлігі берілді.

Мира Нұртаева