Бұл туралы AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Былтыр қоғамдық орындарда әртүрлі 693 қылмыс дерегі тіркелсе, оның ішіндегі 76 қылмыс супермаркеттерде орын алған. Қоғамдық орындар мен супермаркеттерде жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірініші орынбасары полиция полковнигі Абдіғани Сейдуалиевтің төрағалығымен Атырау қаласында орналасқан ірі сауда-саттық супермаркеттерінің басшыларымен кездесті.
«Тіркелген қылмыстардың ішінде Жедел басқару орталығының 102 арнасына 75 хабарлама түскен. Оның ішінде, ұсақ-түйек жымқыру - 63, ұрлық - 12 және тонау дерегі бойынша - 1 қылмыс тіркелген. Мұндай қылмыстардың жолын кесу үшін қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі талқыланды», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Эльмира Мықтыбаева